ТАЗАЛЫҚҚА ҮНДЕГЕН АКЦИЯ

285

0

 Аймақтағы табиғат қорғаушылары бір ай бойы өзен-көлдерді күл-қоқыстан тазартты. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясы басшысының орынбасары Марат Нұрмағамбетов мәлімдеді. 

«Таза су айдындары» акциясына табиғат қорғау мекемелері, табиғат пайдаланушылар, балық шаруашылығы  су айдындарына жақын орналасқан ауыл тұрғындары, студенттер мен оқушылар қатысты. Басты мақсат – су айдындарын тұрмыстық қалдықтардан тазалау, балық және өзге де су жануарларының көбеюіне атсалысу, жастарға табиғи байлықты сақтауға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.

Су айдындарында Кіші Арал инспекциясының және табиғат пайдаланушылардың қызметтік катерлері, қайықтарымен су ішінде қалып қойған ау қал­дық­­тары жиналып, таби­ғат пай­даланушылар су жаға­лау­ларын қоқыстан тазартты.  Тазалау жұмыстарына 671 адам қатысып, 108 техника мен 15 шағын көлемдегі кеме жұ­мылдырылған. Нәтижесінде 48,5 тонна түрлі қалдық пен 1011 ау жиналып, тиісті орынға жеткізілді.

Брифингте инспекция бас­шы­­сының орынба­сары М.Нұр­мағамбетов  «Уыл­дырық-2018» акциясы жайында кеңінен айтып берді. Сырдария өзенінде сәуірде, жергілікті балық шаруашылығы су айындарында 20 сәуір мен 10 маусым, Кіші Арал теңізінде 1 мамыр мен 10 маусым  аралығында балықтың барлық түрін аулауға тыйым салынды. Осы мезгілде тиісті мекемелер бірлесіп рейд­тік жұмыстарды күшейтті.  Ста­тистикаға сүйенсек, жыл басынан бері 261 балық қорғау заңнамасын бұзушылық анық­талып, 132 ереже бұзушыға айыппұл салынды. Сот орындарына 128 іс жолданды.

–Бұл акция 2015 жылдан бері республика көлемінде өтіп келеді. Нәтижесінде заңсыз ба­лық аулау мен су айдындарына күл-қоқыс тастайтындардың қа­тары төмендеген. Табиғат қорғау­шылары халық арасында үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді,-деді М.Нұрмағамбетов.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<