Тегін дәрі-дәрмек беру процеcін бақылау нәтижесі шықты

64

0

Тегін дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру барысын бақылау мақсатында қолға алынған нобайлы жобаның алғашқы нәтижелері белгілі болды.

 Өткен жылдың соңында Денсаулық сақтау министрлігі, МСҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлесіп SMS-хабарлама жүйесін іске қосқан болатын. Атап айтқанда, 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттердің телефондарына SMS-хабарлама жіберілді, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысының филиалында хабарлады.

Барлығы 191 мың SMS жіберілген. Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетілді. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген пациенттерге SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдау немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалу ұсынылған болатын.

SMS-хабарлама қорытындысы бойынша, Қорға 2 881 пациенттен жауап келді. Оның ішінде 441 пациенттің дәрі-дәрмек алмағаны белгілі болды. Тағы 32 адам – диспансерлік есепте тұрмайды және ешқашан тегін дәрі алмаған болса, 10 адамға дәрі-дәрмек ішінара берілген.

Дәрі-дәрмек қолға тимегені туралы хабарламаның басым бөлігін Атырау, Қызылорда, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары, Алматы және Астана қалаларының тұрғындары жолдаған.

Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдың басында кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгерткен болатын. Яғни, Қор былтыр дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізілген рецептілерге ғана ақы төлеуге көшті. «SMS-хабарламалар жүйеге пациенттердің өздерін тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде ақпараттық жүйедегі мәліметтер мен дәрі-дәрмекпен нақты қамтамасыз ету көрсеткіші арасында едәуір алшақтық бары анықталды. Мониторинг нәтижесі өкілетті органдардың тексеруіне негіз болып отыр. Тексеруді Фармация комитеті мен Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті жүргізбек. Оның нәтижесі бойынша қабылданған шешімдер құқық қорғау органдарына беріледі», – деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысының филиалының сарапшылар.

МСҚ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек (ТМКК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінің операторы. 2018 жылдан бастап Қор ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеп келеді. Ал, МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ.

  Дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды «СК-Фармация» ЖШС сатып алады (МСҚ-мен арадағы келісімшарттан түскен қаржы есебінен). «СК-Фармация» дәрі мен медициналық бұйымдарды келісімшарт бекіткен медицина ұйымдарынан түскен өтініштер негізінде сатып алады. 2018 жылы МСҚ мен «СК-Фармация» ЖШС арасында 101,9 млрд теңгеге контракт бекітілген болатын.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 

Қызылорда облысы бойынша филиалының 

халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау жөніндегі бөлім 

 

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз