«Болашақ» бойынша құжаттарды қабылдау басталды.Өтініштер 2022 жылдың 14 қазанына дейін Egov.kz арқылы қабылданады. Бұл туралы ҚазАқпарат БҒМ сілтеме жасап хабарлайды.
Мына сілтемеге өтіп, «Болашақ» стипендиясының конкурстық іріктеуіне қатысуға өтінім беруге болады. Ал тағылымдамадан өтуге 5 қыркүйек пен 14 қазан аралығында құжаттар қабылданады. Конкурстық іріктеу 2022 жылдың 30 мамыр мен 30 қараша аралығында өтеді. Осы жылы магистратура мен резидентураға 385, докторантураға 60 стипендия бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау процесі іске қосылды.
Техникалық және IT мамандықтарға гранттар саны 60 пайызға дейін ұлғайтылды. Басты назар инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға аударылады: «Инженерлік жүйелер мен желілер», «Авиация және аэроғарыштық техника. Әуе қозғалысын басқару», «Үлкен деректерді талдау», «Жаңа материалдар технологиясы», «Деректер базасын басқару», «Авиациялық техника және технологиялар», «Машина жасау», «Өнеркәсіптік автоматтандыру» және т.б. Тізімге инновациялар, жаңа технологиялар, медицина және өнеркәсіптік инженерия, жаратылыстану ғылымдары саласындағы 40 жаңа мамандық енгізілді. Олардың 17-сі атауларын кеңейту арқылы бұрыннан бар мамандықтарға енді.
Жалпы биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша басым мамандықтар тізімінде академиялық оқуға 92, тағылымдамадан өтуге 158 мамандық қарастырылған. Басым мамандықтар тізімі техникалық мамандықтармен 30%-ға кеңейтілді.
«Болашақ» халықаралық стипендиясына конкурстық іріктеу 3 кезеңнен тұрады: 1. Кешенді тестілеу; 2. Тәуелсіз сарапшылық комиссиясы мүшелерімен жеке әңгімелесу; 3. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында құжаттарды қарау.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<