Медициналық анықтаманың үштен бірі жалған

202

0

Қызылорда облысында тексерілген №086 медициналық анықтамалардың үштен бірі жалған болып шыққан.

Қызылорда облысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері ашық талқылауға түсті. Басқосуда аса бір қажеттілікті тудырмайтын, бірақ көптеген жағдайларда талап етілетін анықтамалар жайы да сөз болды.

«Қазіргі таңда тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында құрылған «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі арқылы мекенжай, №083, №086 медициналық және өзге де кейбір анықтамаларға талдау жүргізіліп келеді. Нәтижесінде кейбір анықтамаларды қолданыстан алу жөнінде ұсыныс беру жоспарланып отыр. Көп жағдайда бұл құжаттар белгілі бір шешім қабылдауға ешқандай әсер етпейді», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов.

2017 жылы Қызылорда облысы бойынша денсаулық сақтау ұйымдары 11 450 №086/е үлгісіндегі медициналық анықтама берген. Бұл көрсеткіш былтыр 2,5 есеге артып кеткен. Олардың саны 28 529-ға жеткен.

«Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірге мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде зерттелген 164 дана №086/е медициналық анықтаманың 53-інің шынайлығы күмән тудырды.   Аталған дерек бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жолданды. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деді департамент басшысы Абзал Мұхимов.

Одан бөлек осы бағытта интернет сайттар мен әлеуметтік желілердегі хабарландыруларға мониторинг жүргізілді.  Онда санитарлық медициналық кітапшаны, құжаттарды дайындап беретінін айтқан хабарландырулар кездескен. Сол бойынша «Жасырын сатып алушы» әдісімен жалған санитарлық кітапшаны әзірлеу дерегі анықталды. Ол бойынша тиісті құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<