Тексеру комиссиясының алғашқы төрағасы

12

0

Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан әріптесіміз Қамбарбек Амангелдіұлының мезгілсіз өмірден өткеніне де бір жыл толыпты. Әріптесіміз қай ортада болса да, білім-біліктілігі, қажыр-қайратымен ерекшеленетін.

Қамбарбек Амангелдіұлы Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының алғашқы төрағасы болды. Адамгершілігі мол, парасаты биік, өнегелі жан еді. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының дамуына зор үлесін қосты. Ол басшы болған жылдары 20 қызметкер мемлекеттік аудитор, 4 қызметкер жоғарғы мемлекеттік аудитор сертификаттарын иеленсе, ұжым өңірлік тексеру комиссиялары арасында алғашқы бестіктен орын алды.

Басшының басты қасиеттерінің бірі адамның қабілетін тану болса,  Қамекең – осы қасиеті арқасында  өмірлік жолын абыроймен өткізген, оң істердің жемісін қалдырған ардақты азамат.

Құдай қосқан қосағы Айнұр келінімізбен 30 жылдан астам уақыт бойы сыйластықпен бақытты өмір кешті. Айекең де – барынша бауырмал, көпшіл, қазаны оттан түспейтін, шаңырағынан қонақ арылмайтын, жомарт жүректі жан.

Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы лауазымын мінсіз атқарғаны үшін 2011-2018 жылдары Қамбарбек Амангелдіұлы «Ерең еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Үздік мемлекеттік қызметші», «І, ІІ дәрежелі Қаржы сақшысы» төсбелгілерімен, Шиелі, Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы атағымен, республика және облыс басшылығы тарапынан Алғыс хаттармен марапатталған. Оның жарқын бейнесі Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы ұжымының жадында мәңгі қалады. Өскелең ұрпағына ұзақ ғұмыр нәсіп етіп, асыл азаматтың иманы саламат болсын!

Мұса ҚАЛДАРБЕКОВ,

 Қызылорда облысы бойынша

тексеру комиссиясының төрағасы