Тектіліктен таралған тағылым

4

0

Сыр бойындағы білімнің қарашаңырағы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламасының доценті, белгілі әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сара Бахтиярқызы халқымыз «кемелдік жасы», «ақыл мен парасаттың шыңы» деп бағалаған жетпіс жасқа келді. Ол – тектілік тамырынан нәр алған, парасатты өмірлік ұстанымымен қоғамның дамуына үлес қосып, руханият жанашыры ретінде жемісті еңбек етіп жүрген абзал жандардың бірі.

Қазақ дүниетанымында жетпіс жас – адамның өмір жолындағы биік бе­лестердің бірі. Жетпіс – тек сан емес, ол өмірлік тәжірибенің, көр­ген-білгеннің, ұрпаққа қалдыр­ған өне­генің жиынтығы. Абай ата­мыз «Жас қартайса, ой ойға, кө­ңіл күйге» деп, адамның жасы ұл­ғайған сайын ойы тереңдеп, дү­ниеге көзқарасы кемелденетінін си­паттаған. Ал Мұхтар Әуезовтің «Қарт­тық – кемшілік емес, ол – өмір­дің ең үлкен байлығы» дегені бұл жастағы ұрпақ тәрбиелеп, елге қыз­мет етіп, өмірдің ащы-тұшысын татқан тұлға атанатындығынан ха­бардар етсе керек.

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек пен төккен тердің ар­қа­сында алған асу, бағындырған биік, жеткен жетістік әркімнің өмі­рінде әрқилы. Оны сырт көз өз­де­рінше бағалап та жатады. Сон­да­ғы жалпының іздейтіні біреу: ол – кі­сілік келбет, азаматтық тұлға, ғиб­ратты ғұмыр.

Осындай өнегелі өмір иесі Сара Бахтиярова 1956 жылы 1 ақпанда Шиелі ауданы Балаби ауылында дү­ниеге келген. Сол кездегі №50 Абай орта мектебін үздік бітіріп, Н.Гоголь атындағы институтқа оқуға түседі. Оқу орнын 1978 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын 1978-1992 жылдары орта мектепте мұғалім болып бастайды.

Ата-әжесі өз кезеңінде бақуат­ты жандардың қатарында болған­дықтан, елде байларды қудалау нау­қаны бас­талған тұста Наманған өңі­ріне қоныс аударуға мәжбүр бол­ған. Сол жерде әкесі Бахтияр мал­дәрігерлік институтта білім алып, елдегі жағдай біршама тұрақталған соң отбасымен бірге туған жеріне оралып, мал ша­руашылығы сала­сында еңбек етеді. Анасы Ырыс­күл­дің әкесі Ақтөбе облысы Темір ау­данында райком хат­шысы қыз­ме­тін атқарған. Қыз баланың білім алуына мүмкіндік шектеулі бол­ған кезеңде ол орыс тілінде жеті сы­нып­тық білім алып шыққан. Үй ша­руасында болғанымен, өте ісмер, ті­гіншілік өнерді жетік меңгерген жан еді. Бахтияр мен Ырыскүл төрт перзентінің де зерделі, білім­ді болып өсуіне ерекше мән берді. Бар­лық газет-журналды тұрақты ал­дырып, ұл-қыздарының оқуын, жа­ңалық­тармен дер кезінде танысуын қадағалап отырған. Таным көкжиегі кең, ойы сергек ұрпақ өсіру жолын­дағы өмірлік қағидалары өз жемісін беріп, олардың өнегелі тәрбиесі ұр­пақ сабақтастығының жарқын кө­рінісіне айналды.

Бүгінде Сара Бахтиярқызы мен Мұрат Бахтиярұлы өз салаларында биік белестерді бағындырып, кәсі­би білімі мен адами болмысы ар­қылы көпке үлгі болып отыр. Бұл жетістіктердің түп-тамыры ата-ана­ның бала тәрбиесіне деген жауап­кершілігінде, білім мен рухани құн­дылықты бірінші орынға қойған от­­басылық ұстанымында жатыр.

Сара Бахтиярқызы 1993 жыл­дан бүгінге дейін Қорқыт ата атын­­­дағы Қызылорда универси­тетін­­­де қызмет етіп келеді. Еңбек жо­лын­да оқы­тушыдан бастап, аға оқытушы, Қылышбай Алдабер­ген­ұлы бас­­шы­лық жасаған Ы.Жа­қаев атындағы Қы­зылорда политех­ни­ка­лық инсти­тутында тәрбие жұ­мыс­тары жөніндегі проректор, екі оқу ор­ны біріккеннен кейін ка­фед­ра мең­герушісі қызметтерін абы­рой­мен ат­қарып, ұжым арасында жо­ғары бе­делге ие болды.

Шәкәрім шығармашылығын зерт­теген белгілі ғалым Балтабай Әб­діғазиұлының жетекшілігімен 2003 жылы «XX ғасыр басындағы қа­зақ поэзиясындағы көркемдік-стиль­дік ізденістер» тақырыбында кан­ди­дат­тық диссертация қорғады. Ғылыми жұмысында Мағжан Жұ­мабаев пен Бернияз Күлейұлы­ның әдеби мұрасын салыстыра зерт­теу арқылы қазақ поэзиясының да­му заңдылықтарын, көркем ой эво­лю­циясын айқындап, ұлттық рух­ты ояту, адам жанының ішкі әлемін бейнелеу, азаттық пен руха­ни тәуелсіздік мәселелерін көте­ру арқылы замана шындығын поэ­ти­калық биік деңгейде көрсете ал­ғанын және өлеңдеріндегі филосо­фиялық ой, ұлттық идея, лирика­лық нәзіктік, шынайы сезім мен траге­диялық тағ­дыр сарынын зерттеген.

Бүгінде бір монография, үш оқу­лық, жүзден аса түрлі тақырып­тағы ғылыми мақаласы халық­ара­лық, рес­публикалық конферен­ция­ларда, ғы­лыми басылымдарда жа­рық көрген. «Балалар әдебиеті», «Ақпараттық оқы­ту технологиясы негізінде заң тер­­миндерін оқыту жолдары» атты оқу құралдары мен бірнеше оқу-әдіс­темелік еңбегі жастардың жоғары сұ­ранысына ие.

Кейінгі жылдары негізгі ғылыми бағыты ретінде Абайтанудың өзекті мәселелерін қарастырып, «Абайдың дүниетанымындағы адам мәселесі», «Абай және Алаш», «Абай мен Мағ­жан», «Бернияз Күлейұлы шы­ғар­ма­ларындағы үндестік», «Абай мен Пушкиннің арасындағы әдеби бай­ланыс», «Абайтанудағы ақтаң­дақтар мәселесі» тақырыптарында теориялық дәріс оқып, түрлі бұ­қа­ралық ақпарат құралдары арқылы пікір білдіріп жүр.

Оқушы кезінде журналист бо­луды армандаған, «Өскен өңір», «Білім және еңбек», «Қазақстан пио­нері» басы­лымдарында 30-ға жуық мақаласы мен тырнақалды өлең­дері студент қа­тарына қабыл­дан­ғанға де­йін жарық көрген. Бел­гілі ұстаз Әли Байжолов кура­тор­лық еткен 114-оқу тобындағы 24 қыздың есте­лік­­тері баяндалған «Са­ғындырған са­ғым жылдар» атты еңбекте құр­бы­лары Сара Бах­тияр­қызының өлеңқұ­марлығы, кітап­құ­марлығы мен жазуға бейім екенін ерекше еске алады. Сонымен бірге студент кезіндегі болған оқиғаны әрлеп, ішкі сезімдерін әдемілеп тү­сірген күнделік жазу қа­білетіне де жоғары баға береді.

Ғалым әрі ұстаз ретінде қалып­тасуында тәлім берген ұлағатты ұс­­таздарының орны айрықша. Әуел­­бек Қоңыратбаевтың терең ғы­лы­ми зерт­теушілік мектебі, Әли Байжо­ловтың талапшыл да па­ра­сатты ұстанымы, Нұрлыбек Жү­нісов пен Нұртай Нұр­жановтың адал­дыққа баулыған өне­гесі, Ме­деу­әлі Бимағанбетовтің ба­йыпты па­йымы мен Әнес Жақыптың зиялы болмысқа үндеген тәлімі оның ғы­лыми дүниетанымының берік ір­ге­тасына айналды. Сондай-ақ Иб­ра­гим Мұхаметжанов пен Айнаш Шәм­­шатованың жанашыр ұстаздық қамқорлығы, ізденіске жетелеген ақыл-кеңесі әдебиеттанудағы сара жо­лын айқындады. Осындай көр­нек­ті тұл­ғалардан тағылымды тәр­бие мен ру­хани қолдау көрген өзі де шә­кірт­те­ріне ерекше қамқорлық көр­сетіп жүр.

Отыз үш жылдық еңбек өтілін­де Сара Бахтиярқызы Ахмет Байтұр­сынұлы, Қорқыт ата атындағы Ал­тын медаль, «Үздік ұстаз», «Үздік оқытушы», «Үздік түлек» медалімен және мемлекеттік тіл саясатын жү­зеге асыруға қосқан үлесі үшін Мә­дениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің Алғыс хатымен, Қы­­зыл­орда облысының Құрмет гра­мо­тасымен марапатталған.

Бүгінде ұлы Руслан мен қызы Құралайдан тараған немерелердің ме­йірімді әжесі, шәкірттерінің сү­йікті ұстазы, ізінен ерген іні-сіңлі­лерінің қам­қор апасы. Осындай абы­ройлы да ардақты болмысы оның адамдық пен ұстаздық қасиетінің біртұтас жарасымын танытады.

Мерейлі жетпіс жасқа толған туған күніңізбен шын жүректен құт­тықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, ел құр­метіне бөленген баянды ғұмыр ті­лейміз. Ұстаздық ұлағатыңыз бен ғылыми еңбегіңіздің жемісін кө­ріп, шәкірттеріңізбен бірге талай қуаныш­ты сәттерге жете беріңіз!

Сағат ТАЙМАН,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры