Топ-баннер2

Темірдей тәртіп, жауапты міндет

4

0

Ел қауіпсіздігі – әрбір әскери қызметшінің қасиетті борышы. Ал сол қызметтің тасасында сарбаздардың денсаулығын күзетіп, қиын сәтте алғашқы көмек көрсетуге әрдайым дайын тұратын медицина мамандары бар. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген әскери сала маманы, мейірбике Айнұр Нұрмаханқызы – кәсібіне адал, ел сенімін ақтап келе жатқан білікті маман.

Айнұр жастайынан медицина са­ласына қызығып, адам жанына араша болуды армандады. 1996 жылы ме­дициналық колледжге медбике ма­мандығы бойынша оқуға түсіп, 1999 жылы оқу орнын сәтті тә­мам­да­ды. Еңбек жолын 2001 жылы об­лыс­тық аурухананың жансақтау бө­лі­мін­де бастаған. 2016 жылға де­йін осы бөлімде үздіксіз қызмет етіп, тә­жірибе жинақтады. Жан­сақ­тау бө­лімі – кәсіби шеберлік пен төзім­ділікті талап ететін күрделі са­ла. Ауыр халдегі науқастарға жедел кө­мек көрсету, реанимациялық іс-шара­ларға қатысу, адам өміріне ара­ша болу оның күнделікті қыз­метінің бір бөлігі болды. Бұл кезең оның ме­дициналық біліктілігін шың­дап, жауапкершілігін арттырды.

2017 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінде қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда жедел мақсаттағы 1-батальонның 2-ротасында аға маман санитарлық нұсқаушы.

Әскери саладағы қыз­мет тек ме­дициналық біліммен шек­тел­мей­ді. Бұл – темірдей тәртіп, шұғыл әре­кет, физикалық және моральдық да­йын­дықты талап ететін жауапты мін­дет. Айнұр Нұрмаханқызы жеке құ­рамға алғашқы медициналық кө­мек көр­сетіп қана қоймай, сарбаз­дарды так­тикалық медицина не­гізде­­ріне үйретеді, далалық жат­ты­­ғу­лар арқылы медициналық қамта­­масыз етуді ұйым­дастырады. Қиын жағ­дай­да сабыр сақтап, жедел шешім қабылдай білу – оның басты кәсіби қасиеттерінің бірі.

Ұзақ жылғы мін­сіз қызметі үшін ол бірқатар мара­паттарға ие болған. Әскери саладағы үлгілі қызметі, кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі үшін Алғыс хат­тармен, Құрмет гра­мо­таларымен жә­не ведомстволық мара­паттармен наг­рад­талған. Бұл – оның адал еңбегінің нақты дәлелі.

Айнұр – аяулы жар, үлгілі ана. Жұбайы Әскербек Сунақұлымен бір­ге төрт бала тәрбиелеп отыр. Қыз­мет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру үлкен күш пен төзім­ді­лікті қажет етеді. Айнұр Нұрмахан­қызының өмір жолы – кәсібилік пен патриотизмнің, отбасы құндылығы мен адамгершіліктің жарқын үлгісі.

Фатима МАРАТҚЫЗЫ,

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5547 әскери бөлімінің қызметшісі