Теңге тұрақты валюта қатарында

89

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Биыл ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгеніне 32 жыл толды. Төл теңгенің тарихы 1993 жылы 12 қарашада Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» заңынан бастау алады. 

Ал 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде қолданысқа енді.

Ескі үлгідегі ақшаларды теңгеге айырбастау 20 қараша күні аяқталды. Айналымнан жалпы сомасы 950 миллиард рубль алынып тасталды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көп қиындықтар орын алды. Зейнетақы мен еңбекақыны төлеу айларға созылды. Себебі сол кездегі бюджеттің мүмкіндігі шектеулі еді.

Теңгенің айналымға енуі эконо­микалық және саяси тұрақтылыққа әкелді. Осылайша, Ұлттық валюта ел экономикасының іргетасын қалауға ықпал етті. Халықаралық мамандардың пікірінше, теңге қазір ТМД аумағындағы тұрақты  валюталар қатарында.

Облыстық экономика және қар­жы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабектің айтуынша, теңгенің айналымға түсуі өңір экономикасына серпіліс беріп, дамуына елеулі әсер етті.

–   Бүгінде Сыр өңірі – сәулетті, келбетті өлке. Жыл сайын облыс экономикасын дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ба­ғыт­талған тың жобалар жүзеге асырылуда. Өндіріс сала­сында шыны, цемент, заманауи кірпіш, темір-бетон өнім­дерін өндіретін зауыт бой көтерсе, жас ұрпақтың келе­шегін дамытуға бағыт­талған жаңа мектептер, оқушылар сарайы, музы­калық колледж салынса, бұқаралық спортты дамыту үшін ірі спорт нысан­дары бой көтерді.

Өңірдің қаржы қазанында 1993 жылы бар болғаны 135 млн теңге болса, білікті мамандардың жүргізген саясатының нәти­же­сінде еселенді. 1995 жылы облыс бюджеті 5,4, 2010 жылы 105,9,  ал 2025 жылы 855,8 млрд теңгеге жетті. Жалпы өңірлік өнім көлемі кейінгі төрт жылда 3 триллион 100 млрд тең­геге жетті, – деді басқарма басшысы.

Он айдың қорытындысы бойынша барлық макро­экономикалық көрсет­кіштердің өсімі байқалады. Мамандар жыл аяғына дейін өңірлік өнім көлемін 3,7 трлн теңгеге жеткізуді жос­пар­лауда. Облыс бюджеті 2021 жылдан бері 247 пайызға өскен, оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд теңгеге жетіп, 4,4 есеге артқан.

Аймақтың өзекті мәселелерін шешу, тұрғын­дардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар жалғасады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»