«…Қызылордаға келіп тұрып Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселені халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір «Көкарал» бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады».
Президенттің V Ұлттық құрылтайда
сөйлеген сөзінен
Арал тағдырын, тартылған теңіз жайын ұдайы назарда ұстайтын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндағы жағдайға жиі қолдау білдіріп келеді. Халықаралық экологиялық жиындарда, көрші мемлекет басшыларымен өткен кездесулерде Арал ахуалын ұдайы сөз етіп жүр. Теңізді суландырудан бөлек, бұған дейін құрғаған ұлтанды да қараусыз қалдырмау жайлы тапсырма бергені белгілі. Бес жыл бұрын Арал теңізі табанына 1,1 млн гектар орман екпесін отырғызу керектігін айтқан Мемлекет басшысының жобасы 2021-2025 жыл арасын қамтуы тиіс болатын. Аталған мерзімде кепкен ұлтанда қандай жұмыстар жүрді? Көшкен құм мен ұшқан тұздың алдын алу жайы алдағы уақытта қалай болмақ?
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, біздің өңірде 7,3 млн гектар орман қоры бар. Оның 3,8 млн гектары – орманды алқап. Ал мұның 83 пайызы сексеуіл бұталары екені анық. Шөлді жерде орналасқандықтан, мұнда табиғатқа бейімделген өсімдіктер өседі.
– Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда Аралдағы құрғаған ұлтан көлемі 6 млн гектар, оның 2,8 млн гектары біздің республикаға тиесілі. Теңіздің тартылуы өткен ғасырдың 60-жылдары басталғанын ескерсек, ұшқан шаң мен тұз халық денсаулығына соншалықты зардап әкелгені белгілі. Мұны тоқтатудың бір ғана нәтижелі жолы бар, ол – фитоорманмелиорация. Теңіз ұлтанына агротехникалық талаптарды сақтап, суарусыз және тұздалған топыраққа бейім сексеуіл, қарабарақ, сарысазан сынды галофитті өсімдіктерді егу. Президент тапсырмасынан соң қазір Аралдың Қазақстан бөлігінде көп жұмыстар жүрді, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Еркебай.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бес жыл ішінде Арал теңізінің ұлтанына 1,1 млн гектар жерге сексеуіл егу тапсырмасы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Осы жылдар аралығында облыстық деңгейде 432,5 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстары толық атқарылған.
Жалпы деректерге сүйенсек, 2021 жылға дейін теңіз ұлтанындағы 192,8 мың гектарға ормандандыру жұмыстары жүрген. Оның ішінде 2004 жылы Аралды құтқару қоры гранты есебінен 1,1 мың, 2005-2006 жылдары Германия ынтымақтастық ұйымы GIZ грант есебінен 1,3 мың гектар сексеуіл отырғызылған. Ал 2008-2014 жылдары Қазақстан, Дүниежүзілік банк және Ғаламдық экологиялық қоры арқылы қаржыландырылған «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін көбейту» жобасымен 57,4 мың гектар жерге сексеуіл көшеті егілген. Сондай-ақ салалық министрлік қолдауымен 2018-2020 жылдары Оңтүстік Корея республикасының қайтарымсыз қаржысы есебінен «Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанында фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу» жобасы жүзеге асты, 13,3 мың гектар жерге 5 млн көшет егілген.
– Өңірдегі орман алқаптарын қажетті көшеттермен қамтамасыз етуде жыл сайын 8 орман шаруашылығы мекемесінде уақытша тұқымбақтар ұйымдастырылды. Ал құрғаған ұлтанға егілетін сексеуіл көшетін өсіру үшін Қазалы орман мекемесінің аумағында 33,5 гектарлық орман тұқымбағы пайдаланылуда, – дейді басқарма басшысы.
Облыстағы салалық басқарма атқарған шаруалардан бөлек, республикалық бюджет есебінен жүрген жұмысқа кезек берсек. Президент пәрменімен теңіздегі 1 001 859 гектар (169 587 гектар көшет, 576 131 гектар тұқым себу, 256 141 гектар жәрдемдесу) жерге мелиорациялық жұмыс жүрген. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Марат Нұрмағамбетовтің айтуынша, аталған жұмыстар 2021 жылы 101,1, 2022 жылы 250, 2023 жылы 193,2, 2024 жылы 127,7 және 2025 жылы 329,8 мың гектар ұлтанды қамтыған көрінеді.
– Жыл басынан бері теңіз табанындағы 115 мың гектар жерге галофитті өсімдіктер тұқымы себілуде. Қазір 61 мың гектардан асты. Наурыз айының соңы мен сәуір айының басында 12 мың гектар жерге сексеуіл көшеті отырғызылады деп жоспарлануда, – дейді инспекция басшысы.
Айтпақшы, министрлік бұйрығымен 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін елдегі орман қоры жерінде сексеуілді кесуге тыйым салынған. Осы орайда былтыр аумақтық инспекция, «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы және орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлері 517 рейд жүргізген.
– Былтыр сексеуілді заңсыз кесудің 4 жағдайы тіркелді, 3 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған құжаттар сотқа жолданған. Сот шешімімен олар кінәлі деп танылды. Орман қорына келтірілген залал толық өндірілді. Сондай-ақ инспекция қызметкерлері мемлекеттік орман қорынан тыс жерде сексеуіл ағашын заңсыз сындырған 4 азаматты анықтады. Ал заңсыз тасымалдау бойынша 3 дерек белгілі болып, ол бойынша кінәлі азаматтар әкімшілік айыппұл арқалады, – дейді М.Нұрмағамбетов.
Сексеуіл түбіне балта шауып, жеке бас пайдасына жаратып жүргендер әлі де жоқ емес. Биыл сексеуілді заңсыз иеленудің 3 жағдайы анықталған. Оларға хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданыпты. Кінәлілерге әкімшілік айыппұл салынып, заңсыз алынған сексеуіл мемлекет пайдасына тәркіленген.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»






