Тереңөзек кентінің әкімі таныстырылды

5

0

Фото: Сырдария ауданы

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтіп, сайланған Тереңөзек кентінің әкімі таныстырылды. Актив отырысына аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме және бөлім басшылары қатысты. Ауылдық округ әкімдері ЗУМ арқылы қосылды.

Жиында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ермек Шайлан 2026 жылы 8 ақпанда өткен Тереңөзек кенті әкімінің сайлауы нәтижесінде Бисембаев Нұржан Пермебайұлы жеңіске жеткенін, Тереңөзек кенті әкімі болып сайланғанын мәлімдеп, куәлік табыс етті.

– Тереңөзек кенті әкімі болып сайланған Нұржан Пермебайұлы еңбек жолын 2000 жылы «Оспан Мәлібаев» атындағы серіктестікте көмекші бригадир, гидротехник болып бастаған. Әр жылдары аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде жерге орналастырушы маман, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы, Тереңөзек кентінің әкімі, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2024 жылдан бастап аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді. Нұржан Пермебайұлы, аудан орталығын дамытуға үлкен сенім артылып отыр. Тереңөзек кенті барлық елді мекенге үлгі болуы тиіс. Осыған байланысты кентті абаттандырып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын үнемі жүргізу қажет. Қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Тереңөзек кентінің әкімі таныстырылды

Актив отырысында аудан басшысы жаңа Ата Заң жобасына тоқталып өтті.

– Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында Президент ұсынған Конституциялық өзгерістер – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам. Бұл бастамалар билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтып, әділетті, ашық және тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Өткен сенбіде Конституциялық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда облыс әкімі баяндама жасады. Аймақ басшысы жаңа реформаның мән-маңызын атап өтті. Жаңа Ата Заңда су мен жер ресурстарын тиімді пайдалану, әлеуметтік қорғау, білім беру, аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және экологиялық қауіпсіздік мәселесіне айрықша мән берілген. Аталған құжат адам құқықтарын қорғауға, өңірлерді қолдауға, әлеуметтік теңсіздікті төмендетуге де бағытталып отыр. Ауылдық аумақтардың дамуына, жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қолжетімді әлеуметтік қызметтерді жүйелі іске асыруға, халық алдындағы міндеттемелерді толық орындауға мүмкіндік береді. Бұл – жауапкершілік, тұрақтылық және жарқын болашаққа бағытталған таңдау екені айқын. Бүгінде талқыланып жатқан жаңа реформаны қоғамға дұрыс түсіндіріп, қолдау білдіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, қоғаммен ашық диалог орнатуға, азаматтардың сенімін арттыруға бағытталуы тиіс. Осыған байланысты реформалардың маңызын кеңінен түсіндіру, оң қоғамдық пікір қалыптастыру бағытында белсенді болуға шақырамын, – деді аудан әкімі.

Жиында аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Ұ.Жаналиева, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов жаңа сайланған кент әкімінің қызметіне сәттілік тіледі.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі