Threads-тегі жалған оқиға: алаяқ ұсталды

28

0

Фото: Polisia.kz

Астана қаласында алаяқтық пен жалған ақпарат таратуға күдікпен 23 жастағы тұрғын ұсталды. Бұл туралы құқық қорғау органдары хабарлады. Күдікті әлеуметтік желіде ойдан шығарылған оқиға жариялап, азаматтардан қаржылай көмек жинаған.

Оқиға 23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде белгісіз аккаунт арқылы жарияланған жазбадан басталған. Онда автор өзін әскерде қызмет атқару кезінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам ретінде көрсеткен. Ол бір жыл бұрын әскерден оралғанын, бірақ бастан өткерген ауыр жағдайды ұмыта алмай жүргенін жазған. Сондай-ақ командирі оны қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлегенін айтып, өзінің қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын жеткізген.

Жазбада оқиғаның егжей-тегжейлі сипаттамасы беріліп, желі қолданушыларының жанашырлығын оятуға бағытталған мәліметтер келтірілген. Автор өзінің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету қажеттігін алға тартқан. Осы мақсатта қаржылай көмек сұрап, банк реквизиттерін жариялаған. Ол жиналған қаражатты елден кетуге жұмсайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар жазбада осы жағдайдан кейін депрессияға түскені және жеке өмірінде қиындықтар туындағаны туралы да айтылған.

Алайда желі қолданушыларының бірі көрсетілген банк шотын тексеру үшін полицияға жүгінген. Тексеру барысында құқық қорғау органдары тек реквизиттердің ғана емес, жарияланған оқиғаның да күмәнді екенін анықтаған. Нәтижесінде есепшот иесі 17 жастағы жасөспірім екені белгілі болған.

Жасөспірімнің айтуынша, ол хостелде танысқан бұрынғы танысына көмектесу мақсатында өз банк реквизиттерін берген. Күдікті өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, уақытша аударымдарды қабылдап беруді сұраған. Бұл өтінішке сенген жасөспірім жеке деректерін ұсынған. Небәрі екі күн ішінде оның есепшотына 100-ден астам ақша аударымы түскен.

Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында жалған жазбаның авторы анықталып, ұсталды. Тергеу барысында жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні дәлелденді. Сондай-ақ күдіктінің әскери қызметке еш қатысы жоқ екені және әскерде болмағаны анықталды. Оның бұл әрекеті әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірген.

Күдікті өз кінәсін мойындап, жалған ақпаратты ақша табу мақсатында жариялағанын айтқан. Қазіргі уақытта оған қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот санкциясымен қамауға алынды.

Мұндай құқықбұзушылықтар үшін бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Құқық қорғау органдары азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады. Кез келген күмәнді жағдайды міндетті түрде тексеру қажет.