Тіл – татулық тірегі

77

0

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай облыс көлемінде ұйымдастырылған онкүндік іс-шараның негізгісі «Тіл – татулық тірегі» атты салтанатты жиын «Достық үйінде» өтті. «Ұлылар үндестігі» атты прологпен ашылған сахналық қойылымда ғұлама Абай мен жасөспірім Ахмет Байтұрсынұлының өзара сұхбаты көрініс беріп, онда ата салтымыз, ана тіліміз тақырыбында тағылымды ой айтылады.

Жиынның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қала тұрғындарын, зиялы қауымды, тіл жанашырларын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін тіл мерекесімен құттықтады.

– Баршаңызды 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен аймақ басшысының атынан құттықтаймын. Елімізде атаулы мерекенің осы күні белгіленуінде тарихи үндестік бар.  Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп артына сөз қалдырған ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

Биыл тіл мерекесі еліміздің рухани дамуы мен мәдени мұрасын ұлықтау, ел бірлігін нығайту және ел игілігіне қызмет ету тұрғысынан аса маңызды даталармен тұспа-тұс келуде. Атап айтқанда, Қызылорда қаласының астана болғанына, ұлтымызға «Қазақ» атауының қайтарылғаны­на 100 жыл, қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Тәуелсіздігіміздің тірегі – Конституциямызға және қоғамда тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Қазақстан халқы ассамблеясына 30 жыл!

Шын мәнінде Тәуелсіз Қазақстанның тіл саясатында толерантты тілдік орта қалыптастыра отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жоғары басымдыққа ие. Тіл – кез келген ұлттың болмыс-бітімін айқындайтын асыл қазынасы. Елімізде тұратын этностардың тіліне құрметпен қарау, олардың ана тілі мен төл мәдениетін дамытуға жағдай жасау – мемлекетіміздің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі, – деді М.Шермағанбет.

Иә, бүгінде елімізде өмір сүріп жатқан 100-ден астам этнос өкілдерінің мәдени дамуына, балаларының өз ана тілінде білім алуына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, облыста олардың салт-дәстүрлері, тілі мен мәдениеті, этносаралық қарым-қатынасының жарасымды дамуына он бір этномәдени бірлестік белсенді үлес қосып келеді.

Мереке аясында Мейрамбек Зинабдинұлы  тіл жанашырлары мен сала мамандарын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ тілдерді дамыту бағытында атқарған жұмыстары мен жетістіктері үшін бес номинациямен  әртүрлі сала ұжымдарына  марапат табыстады. Оның қатарында татар этномәдени орталығы үздік аталымды иеленді.

Мерекелік салтанат Сыр өнерпаздарының концертіне ұласты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»