Тіршілікке әр беретін әділдік

5

0

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақ ПЕН-клубының мүшесі, «Меценат.кz» үздік роман әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты Қазығұл Шархан Нағыметұлы биыл 70 жасқа толып отыр.

Ол – Сыр өңірінің перзенті, Арал қаласында туған. Бала күнінен теңізбен тілдесіп, толқынмен сырласып өскен. Иә, өзі қатарлы балалармен бірге ұзақты күн теңіз жағасында, ақ шағыл құм үстінде алаңсыз ойнайтын кездері әлі есінде. Осындайда әлсін-әлсін ақ көбік атып, жағаға соғылып жататын асау толқындар оның қиялына қанат бітіріп, ішкі әлемін әлдебір бейтаныс сезім баурап алғандай болатын. Бүгінде бай­қап отырса, бұл сезім шығар­ма­шылық әле­міне деген шексіз құштарлық екен-ау…

Мектепте оқып жүргенде мереке күндеріне орай қабырға газеттерін шығаратын. Сол газеттерде жария­ланған алғашқы жазбалары қатарлас­тарының қызу талқысына түсіп жататын еді. Алайда түптеп келгенде, олар мұның тың тақырып, тосын ойларына талассыз келісетін. Иә, ол газеттерде өзара мақтау-мадақ та бар, сын-сықақ та бар. Бірақ соның бәрі бала жүректен шыққан боямасыз жазбалар болған­дықтан, кім-кімнің де көңіліне еш кірбіңсіз қона кететін. Осылайша оның бойындағы шығармашылық қабілет сол бала күнінен бастау алғанын бағамдаймыз. Бұл туралы жазушының өзі де бір сұхбатында айтқан екен:

«Менің журналистік тағдырыма әсер еткен жеке адамнан гөрі біздің үйдің қасына орналасқан пошта бө­лімшесі болды. Бес жасымнан бастап осы поштаның ішінде жүрдім. Анамның жақын ағасы Демеуғазы деген кісі осында меңгеруші болып істейтін. Таңертеңгісін поштаға газет тиеген машина келеді. Кіл сары қапшыққа салынған газеттерді поштаға түсіре бастайды. Газеттің ерекше бір иісі бар еді. Сол иіс әлі мұрнымнан кетпейді. Журналистикаға махаббатым осы иістен басталды деуге болады. Бара-бара әркімнен сұрап жүріп, газеттің атауларын оқитын дәрежеге жеттім. Мектепке бармай тұрып әріптерді таныдым. Үшінші сыныптан бастап аудандық, облыстық газеттерге қысқа хабарлар жаза бастадым. Бір жылда «қысқа хабардың хас шебері» атандым.  «Шанышқы» деген сатиралық қабырға газетін шығарғанымды да ұмытпаймын. Маған ойымды жүзеге асыруға сол кездегі біздің мектептің ең жас мұғалімі Құдайберген Сұлтанбаев аға көп көмек көрсетіп еді».

Иә, алақандай ауылда өссе де, арманы Алатаудай биік албырт бозбала  аттестатын алған соң көп ойланбай, Алматы шаһарын бетке алған-ды. Алып-ұшып барған бойда оқуға түсіп кете алмаса да, алған бетінен қайтпай, ақыры С.Киров атындағы Қазақ Мем­лекеттік уни­вер­ситетінің жур­на­листика фа­куль­­тетін бітіріп шықты.

Журналистік жолын 1981 жылы Алматы облысы Іле ау­дандық га­зеті­нің тілшісі бо­лып бастап, кейін жауап­ты хатшысы, одан әрі қарай Балқаш, Іле аудандық басылымдарының бас редакторы болды. Осы жылдары партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық кеңес мүшесі қызметтерін қоса атқарып, қоғаммен етене араласты.

Өмірінің жарты ғасырға жуық уа­қытын өзі қалаған журналистика сала­сына арнаған қаламгер тоқсаныншы жылдардың ортасында ҚР Премьер-министрі Баспасөз қызметінің консуль­танты, одан соң «ҚазМұнайГаз» Ұлт­тық компаниясы қоғамдық қатынас­тар департаментінің бас менеджері, «Рауан» баспа үйі» ЖШС бас директоры – «Нұр-Астана» республикалық қоғам­дық-саяси апталығының бас редакторы, «Айқара» республикалық қоғамдық-саяси апталығының құрыл­тайшысы және «Анар-медиа» ЖШС бас дирек­торы қызметтерін абыроймен атқарды.

Одан кейінгі жылдары ҚР Прези­денті Баспасөз қызметінің сектор мең­герушісі, «Qogam.kz» қоғамдық саяси порталының бас редакторы, «Қаз­МұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ жұртшылықпен байланыс департа­ментінің сарапшысы, Қазақстан Жур­налистер одағы Астана қалалық филиа­лының төрағасы қызметтерін атқара жүріп, баспасөз ісінде бірегей бастамаларымен көрінді. Айталық, ол елімізде PR-маман ретінде де танымал. Осындай қат-қабат жұмыстарының арасында Л.Гумилев атындағы Еур­азия Ұлттық университетінің жур­на­­листика және саясаттану факуль­тетінде дәріс оқып, жас ізденушілерге тәжіри­бесін таратқан кездері болды. 

Қалам иесі осылайша жауапкерші­лігі терең журналистика саласын жетік меңгеріп, қазақ публицистикасында өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленді. Соның дәлелі, осы жылдары «Әлем әйнегіндегі әсемдік», «Дүбәра дүние», «Тоғыз тарау туынды», «Оңашадағы онлайн ойлар» (бірінші-екінші кітап), «Палитрасыз портреттер», «Футбол философиясының фрагменттері» сияқ­ты сан алуан тақырыпты қамтыған туындылары жарыққа шығып, оқырманнан оң бағасын алды.

Жазушы Шархан Қазығұл шығармашылығының жалпақ жұртқа танылуына оның 2022 жылы жарық көрген «Күлпет» романы себеп болды. Дәлірек айтсақ, осы шығармасы үшін ол «Меценат.кz» әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды. Айта кетейік, аталған сыйлықтың иегеріне өмір бойы айына 500 АҚШ доллары беріледі. Осылайша әдеби ортада сенсация жасап, оқырманның ой-талғамынан шыққан «Күлпет» романы арада екі жыл өткенде, яғни 2024 жылы «Izdirap» (түрік тілінде) деген атпен жарыққа шықты. Сондай-ақ кейінгі жылдары «Шалахметов шеңбері», «Сегізінші нота» публицистикалық кітаптары бас­па­дан шығып, оқырманға жол тартты.

Иә, «Күлпет» романы туралы әдеби ортада түрлі пікірлер айтылды. Соның біріне назар аударсақ:

«Бұл роман – Шәкеңнің дін фило­со­фиясы мен ғылым философиясын да игер­ген кемел адам екенін де көрсетіп тұр­ған еңбек. Дүние біткенді жаратқан бір Алла екенін бүгіндері дін ғұламала­ры ғана емес, Шәкеңнің өзі айтатын Энтони Флю, Мартин Джон Рис, Анатолий Акимов сияқты әлемге белгілі ғалымдар да дәлелдей бастаған жоқ па?! Осыны түсінетін алдыңғы қатарлы адамзаттың қатарындағы Шархан «Күлпет» ро­манында «жан мәңгілігіне» иландыра алған. Көркем шығарманың негізгі мақсаты да осындай тәрбие болса, автор діттегеніне жеткен. Қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес» деп жазыпты белгілі қаламгер Дәуітәлі Омашұлы.

Расында, романды оқып шыққанда ойыңа ой қосылып, көңіліңнің көкжиегі кеңейе түскендей болады. Шығарманың басты кейіпкерінің өмір бойы өзегін удай ашытып, жүрегін сыздатқан жан азабын сезінбеу мүмкін емес. Айт­пақшы, автордың өзі түсіндіріп өткен­дей, «Күлпет» сөзінің мағынасы жан азабы екен.

Америка дейтін алпауыт мем­ле­кеттен өз Отаны – Қазақстан, туып-өс­кен топырағы Сыр елін, әйгілі Бекұзақ ақын жырлағандай, «Теңіздің таба­нынан су кетсе де, халқының жүрегінен жыр кетпеген»   атамекені Арал өңірін бетке алып жолға шыққан Әбу Райыс есімді кейіпкердің көңілі байыз табар емес. Өткен өмір жолын есіне алған сайын санасын сан түрлі ой соққылап, жанына маза бермейтіндей…

Аспанда, ақ бұлттар арасында, ұшақ ішінде келе жатып оқыстан бойын үрей билейді. Отыз бес жылдан бері ойынан бір сәт шықпаған Отанына жете алмай қалам ба деп шыбын жаны шарқ ұрады. Ішкі дүниесін ақтарып, алай-түлей көңіліне медет іздеп арпалысады:

«Тәлкекке түскен тағдырым қалай ғана осылай өрілді?» деген өзегімді өртеп, жар жасымды жегідей жеген ащы сұрақ «Жан мәңгілік пе?» деген жартас-сауалға келіп маңдайын соға беретіні несі?! Зәремді зәр түбіне жіберетін аламат ойдан екі өмірде де құтылмайтын болғаным ба?! Осы үрейден шыға алмаған күйі о дүниеге кетемін бе?! Сонда?! Мына өмірде тартқан жан азабынан ол жақта да арылмайтын болсам, онда келесі өмір­дің мен үшін не мәні қалды дейсің?! Сұрқымды алып біткен осы сұрапыл сұрақ неге маза бермейді?! Жан мәңгілік пе, мәңгілік емес пе, оны бір Құдай біледі емес пе?! Құдды бір о дүниеге барып келген пақырдай соншама жанымды қоярға жер таппай кеткенім қалай?!»

Иә, түсініп отырғанымыздай, кейіпкердің жан азабы – жат елде өмір сүріп, осынша жылдар бойы туған жеріне орала алмауы. Енді міне, жасы жары ортасынан ауған шақта аңсаған атамекеніне жол тартты. Туған топырағына табаны тиіп, сүйегі сонда қалса, одан басқа арманы жоқ.

Ауылдың ақ шаңдағын кешіп жүгірген балдәурен балалық шағы, ақылы толысқан албырт бозбала кезеңі, алыста қалған, алайда жадынан бір сәт өшпеген аяулы махаббаты есіне түседі.  Әсіресе, жалғызының жолына қарай-қарай өмірден өтіп кеткен ата-анасына деген терең сағыныш жүрегін ауыртады… Осындай ұшы-қиыры жоқ ойдың жетегінде өткенін саралап, бүгінін бағамдайды. Иә, оқиғаның соңында кейіпкер дегеніне жетіп, жан азабынан құтылады. Расында, оның қалауы да осы емес пе еді?! Қорыта айтсақ, туған шаңырағына келіп, аяулы махаббатымен ұшырасып, онымен бірге жан тапсырады.

Бізді «Романның басты кейіпкері Әбу Райыстың прототипі кім?» деген сұрақ қызықтырған болатын. Алайда автордың айтуынша, романның бас кейіпкері Әбужан Райыс – өмірде болмаған адам.

«Мен оны адамзат алдындағы мәңгілік сұрақтарға жауап іздеу бары­сында ойдан сомдадым. Әрине, оны типтік образға айналдыру жолында көптеген адамның бойында кездесетін қасиеттер жинақталды.

Негізі көркем әдебиетте маған Шыңғыс Айтматов пен Нодар Дум­бад­зенің өмірге деген филосо­фия­лық көз­қарасы қатты әсер етті. Сол сияқты, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Төлен Әбдіктен де көп нәрсені үйрендім. Олар жер бетіндегі барлық адамды бірігуге, бір-біріне қамқор болуға шақырады. Осы философияны жаныма жақын тұттым», – дейді жазушы.

Жалпы романда адам мен жараты­лыс арасындағы  тылсым сезімнің күші тосын ойлар арқылы тарқатылып оты­рады. Оның ішінде, туған жер, Отан  ұғымының мән-мағынасын терең па­йымдап, тілмен жеткізе алмайтын, тек түйсікпен ғана сезінетін өзгеше әсерді өн бойыңнан өткізгендей бола­сың. Ой­лап қарасақ, романның негізгі идеясы да осы.

Автордың жуырда жарыққа шыққан таңдамалы жинағына «Мың доллар», «Жазушы» әңгімелері енген екен. Екі әңгіменің де мазмұны адам баласының, оның ішінде шығармашылық иесінің жаратылысын, таным-талғамын ашуға бағытталған сынды. Кейіпкерлердің бойында кейбіреулер ұната бермейтін кемшілік болғанымен, ішкі жан дү­ниесінің адалдығы, айналасына күмән­сіз сенетін аңғалдығы, өз еңбегіне жан-тәнімен берілген шынайылығы, сөйтіп заманға бейімделе алмаған болбыр болмысы оқырманды еріксіз ойлан­дырады. 

Шынын айтқанда, бұл күні адам бойынан жоғарыда айтып өткеніміздей, туабітті таза қасиеттер жоғалып бара жатыр. Керісінше, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» күн көріп, маңдайы терлемей-ақ мансап пен марапатқа үйір болғандар көбейіп тұр. Әйтсе де тіршілікке әр беретін адалдық, әділдік, қайырымдылық тәрізді қасиеттер ғой… Автор осыны айтқысы келген сияқты.

Шығармашылық өкілі, жазушы-публицист, жерлесіміз Шархан Қазығұл мерейтойлық жасына осындай лайықты еңбегімен келіп отыр. Қалам иесінің жаңа кітабын оқырманға таныстырып, насихаттау іс-шарасы Астана қаласынан бастау алды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі