ТИІСТІ ШАРАЛАР ЖАСАЛУДА

371

0

Күннің күрт жылынуынан Қазалы ауданы Аранды ауылындағы №97 орта мектеп аумағын су басып қалды. Осыған орай облыс əкімінің орынбасары С.Сүлейменов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы С.Сермағамбетов жəне облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы О.Бержанов бастаған жұмыс тобы оқиға орнына барып, нысанның жағдайымен танысты.
Бұл туралы кеше өңірлік коммуни­кациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Онда облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары А. Төлешов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары А.Ізбасаров және облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Бердәулетов оқиғаның мән-жайын баян­дады.
Мамандардың мәлімдеуінше, аталған комиссия мүшелері су алған аумақ пен мектеп ғимаратының техникалық жағдайымен танысты. Нысанға  сызат түсіп, еденнің көте­ріліп кетуіне байланысты ғимаратта оқу процесін тоқтату туралы шешім қабылданды.
Облыс əкімінің тапсырмасына сəйкес құрылған сарапшылар комиссиясы мектептің техникалық жағдайын кешенді түрде зерттеп, оқиғаның себебін анықтау үстінде.
Облыстық білім басқармасы оқушы­лардың білім алу процесі тоқтамайтынын мəлімдеді. 12 наурыздан бастап аталған мектептің мұғалімдері мен 98 оқушысы көршілес Қожабақы ауылындағы №25 мектепте екінші ауысымда оқиды. Ұстаздар құрамы мен оқушыларды тасымалдау үшін Қазалы ауданы əкімдігінен арнайы көлік бөлінген.

Айнұр БАТТАЛОВА,
 «Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<