ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ЖЕТІСТІГІ АЗ ЕМЕС

204

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким өзі жетекшілік ететін салалар бойынша 2018 жылы  атқарылған жұмыстар жөнінде БАҚ өкілдеріне айтып берді.
Сөз басында облыс әкімінің орынбасары былтыр рейтинг қорытындысы бойынша Қызылорда бизнес жүргізуге ең қолайлы жағдайлар жасаған аймақ ретінде танылып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасы қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңтарына өңірде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 52 мыңға жетсе, оның ішінде нақты жұмыс жүргізіп жатқаны 42600 болып отыр. 2018 жылы нақты жұмыс істеп жатқандардың қатарына жаңадан 5135 ШОБ субъектісі қосылған.  
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткен жылы 1 млрд 319,2 млн теңге қаржы бөлінді. Оның 820,2 млн теңгесі субсидия, 299 млн теңге кепілдендіру сомасы болса, гранттық қаржыландыруға бөлінгені 200 млн теңге. Ал шағын несиелендіру бағдарламасы аясында өткен жылы 1021 адам жалпы сомасы 3,2 млрд теңге көлемінде несиеге қол жеткізді. Жалпы өткен жылғы шағын несиелендіру көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайды.
Осыдан екі жыл бұрын іске қосылған «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы былтыр облыс кәсіпкерлеріне 6070 қызмет көрсетілген.
Брифинг барысында Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығында облыста 25 жоба жүзеге асырылу үстінде екені ай­тылды. Өткен жылы құрылыс индустрия­сы саласында екі кәсіпорын іске қосылды. Алғашқысы Жаңақорған ауданындағы қуат­тылығы 75 мың тонналық әк зауыты болса, екіншісі Елбасы қатысуымен өткен Жалпы­ұлттық телекөпір барысында  іске қосылған Шиелідегі цемент зауыты. Бұл қытайлық «Геджуба Шиелі Групп Цемент» трансұлттық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылған жоба. Қазіргі күні зауыт портлантцемент жасауға қажетті негізгі құрам – клинкердің 12 мың тоннасын дайындады. Негізгі өнім нау­рыз айынан бастап шығарыла бастайды.
Жыл қорытындысымен өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 2,9 есеге артты. Бұл республикадағы екінші көрсеткіш. «Баласауысқандық» кен орнында өндірілген ванадийді экспортқа шығару жалғасын табуда. 2018 жылы Ұлыбритания мен Ресейге 200 тоннадай метаванадат аммоний экспортталған. Жалпы 2018 жылы Индустрияландыру картасы жобалары бойынша экспортқа шығарылған өнім көлемі 2017 жылмен салыстырғанда  31,4 процентке өскен.
Е.Ким өткен жылы туризм саласын дамы­тудың 2018-2020 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілгенін хабарлады.  Сондай-ақ Қызылорда облысында туризмді дамытудың концепциясы жасалған. Үш тілде «Қызылорда облысының туристік нысандары» туристік каталогы да шығарылды. Республикалық туристік картаға біздің облыстан «Қамбаш» демалыс аймағы, «Жаңақорған» санаторийі және «Байқоңыр» туристік кешені кіргізілген.
Бизнестегі мемлекеттік-жекеменшік әріп­тес­тік облыс экономикасының барлық саласын қамтып отыр деуге болады. Қазіргі күні облыста бұл бағытта 84 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар бойынша құрылыс жұмыстарына бөлінетін инвестиция көлемі 34 млрд теңгеден асады. Ал 32 жоба бойынша келісім-шартқа қол қойылған. Облыс әкімінің орынбасары осы орайда «Қазақстанның бес әлеуметтік бастамасы» шеңберінде Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде 200 орындық студенттер жатақханасы салу жоспарланғанын хабарлады. Сол секілді МЖӘ бойынша Қызылорда әуежайының терминалын салу қолға алынуда. Бүгінгі таңда жобаның техника-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр.
Ал соңғы жылдары өңірімізде басталған жобалық басқару екі бағытта даму үстінде. Орталық мемлекеттік органдармен байланыс жасауды жобалық басқаруды енгізудің өңірлік штабы жүргізіп келеді. Ал жергілікті деңгейде жобалық басқаруды облыстық кеңсе үйлестіреді.
2018 жыл басынан бастап облыста «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Smart city» концепциясы аясында жалпы құны 4,8 млрд теңгелік 40 жобаны жүзеге асыру басталды. Өткен жыл қорытындысы бойынша оның 29-ы жүзеге асырылса, ал қалғандары биыл аяқталады. Жобалардың басым бөлігі білім және денсаулық сақтау салаларына тиесілі.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<