«Тіл шебері -2018» облыстық байқауы өтті

355

0

«Тіл шебері -2018» облыстық байқауы өтті Кеше Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Медиа-Пресс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен үштілділікті насихаттау, үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді анықтап, қолдау мақсатында «ТІЛ ШЕБЕРІ -2018» облыстық байқауы өтті.
Байқауға 21 мен 29 жас аралығындағы жас мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлері қатысты.
Байқау барысында қатысушылар байқаудың «Мәдениеттаным» деп аталатын бөлігінде қазақ халқының салт дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға қазақ тілінде жауап берсе, «Ұлттаным» бөлігінде қазақ елі тарихы мен ұлы тұлғалары, еліміздің аймақтары жөніндегі сұрақтарға орыс, ағылшын тілдерінде жауап берді.
Ал, үшінші «Өнертаным» деп аталатын бөлігінде үш тілде берілген жаңылтпашты 3 рет айтудан сынға түсті және үй тапсырмасын (ән айту, қазақтың белгілі ақын-жазушыларының шығармаларынан үзіндіні жатқа оқу) орындады.
Талапкерлердің білімін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Абасилов Аман Мәделханұлы басқарған қазылар алқасы бағалады.
Байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың тілдерді меңгеру деңгейіне, жауаптың орамдылығы мен сапасына, мазмұндылығы мен ерекшелігіне, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуіне, сахналық мәдениетіне, киіміне баса назар аударды.
Байқаудың қорытындысы бойынша Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының әдіскері Н. Бердібек І орынды жеңіп алса, Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Г. Тайғараева ІІ орынды, Қызылорда қалалық білім бөлімінің қызметкері Ж. Рахметулла ІІІ орынды иеленді.
Сондай-ақ, Қызылорда облысының Статистика департаментінің маманы Ж. Буксукбаев, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері Ғ. Бағланқызы және Сырдария аудандық Оқушылар үйінің үйірме жетекшісі Ш. Есмағанбетова ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Байқау жеңімпаздары Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының дипломдары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<