«Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториясы бар аурухана жұмысын бастады

46

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Тәуелсіздік күніне орай Жаңақорған ауданының «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухананың ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

«Егемен ел болу – бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт әрі үлкен жауапкершілік.

Ұлтымыздың қасиетті де қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнінде «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсек-орынға арналған жаңа ауылдық аурухананы ел игілігіне табыстаудамыз.

Облысымыздың бюджеті екі жарым жылда 206 пайызға ұлғайып, 750 млрд. теңгеден асты.

Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласы айрықша маңызға ие екенін айтып, медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болуы үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды.

«Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториясы бар аурухана жұмысын бастады

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық ауданында 27 медициналық нысан салынуы жоспарланып, өткен жылы 16-сы іске қосылды. Оның ішінде, 1 дәрігерлік амбулатория Жаңақорғанның «Қаратөбе» ауылында ашылды. Қалған 11 нысанның құрылысы аяқталуда. Жақын күндері «Бесарық», Әбдіғаппар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға беріледі.

Бүгін іске қосылған жаңа нысан азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жол ашсын! Ақ халатты абзал жандар – дәрігерлеріміз елге адал қызмет етіп, науқастың дертіне дауа тауып, халық алғысына бөлене берсін!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев батасын беріп, еңбек ардагерлері мен құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласында 1 медициналық бекет, 1 дәрігерлік амбулатория салынды.

Жылына 10 мың адамға қызмет көрсететін «Қан орталығы» ашылып, жұмысын бастады.

Жыл басында ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды.

«Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториясы бар аурухана жұмысын бастады

Облыс орталығында емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана, Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана құрылысы жүргізілуде. Нысан жақын күндері пайдалануға беріледі. Биыл Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы іске қосылса, жақын арада осындай орталық Арал ауданында да ашылады.

Бұдан бөлек, ұлттық жоба аясында 4 көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыс салу жоспарланған.

Сондай-ақ, 8 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтіп, 6 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады.

Медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, жабдықталу деңгейі 87,1 пайызға көтерілді.

2022 жылы халықтың сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді.

Соңғы 2 жылда денсаулық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық автокөлік беріліп, елді мекендердің сұранысы толық қамтамасыз етілді.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өңірге бағыттаған қаржысына облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы ашылып, қажетті дәрі-дәрмек алынды.

Облыстық онкология орталығына 1 млрд 100 млн теңгенің скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешені берілді. Мұндай кешен республика бойынша 3 облыста ғана бар.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<