Төрге оздырған төрт жыл

4

0

Фото: Облыс әкімдігі

Біздің басылымда әр жылдың әз Наурызынан кейін өткен уақытқа өлшем жасап, елдегі еңбектің парқы мен нарқын сарапқа салатын игі үрдіс бар. Сол сараптың сүрлеуі осы жолы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың облыс әкімі қызметіне кіріскеніне төрт жыл толуымен тоғысып отыр.

Осы төрт жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне үш мәрте жұмыс сапарымен келді. 2023 және 2025 жылдың тура қазан айларында аймақта болған Президент өңірдегі өрісі кең, өзгеше сипаттағы бетбұрысқа куә болды. Ал биыл жыл басында қазақ атауы қайтып, Алашқа алғашқы астана болған тарихи қалаға Құрылтай шақырылды.

Әрине, Президент сапарларының әрбірі аймақ өмірінде аса маңызды мәнге ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлының Сыр өңіріне деген айрықша ықы­ласы мен қолдауы – бүгінгі жеткен жетіс­тіктер мен келешек мүмкіндіктердің басты дәнекері.

Төрге оздырған төрт жыл

«Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абы­ройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғас­тырып келеді», – деді Президент Құрыл­тайдағы сөзінде. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өңір­дегі бірқатар бастамаларға тоқталып өтті.

«Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәде­ниет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орын­дық емхана және 200 орындық перзентхана салынады.

Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі» – деді.

 Шын мәнінде, кейінгі төрт жыл өңірдегі тіршілікке қандай өң берді? Мысалы, облыс бюд­жетінің көлемі (2022 жылдың 1 сәуірі) 391,4 млрд теңгені құраса, 2026 жылдың сәйкес кезеңінде аймақ бюджеті 728,2 млрд теңге болды. Даму бюджетінің көлемі 2022 жылдың 1 сәуірінде 27,5 млрд теңге болса, 2026 жылдың сәйкес кезеңінде 79,6 млрд теңгені құрады.

Біз бүгінгі газет санында осындай дерек­терге дем беріп, басты-басты салаларды сөйлеткендей болдық. Бұл ретте Парламент депутаттары мен бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі азаматтар да төрт жылдың үдесіндегі өзгерістерге үн қосты. Оның желісімен келесі беттерден таныса аласыздар. 

Төрге оздырған төрт жыл