Жыл басынан бері Түркістан облысында трассадағы төрт түліктің кесірінен 23 адам жарақат алып, 6 адам қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жалпы алты ай ішінде облыста жол-көлік оқиғаларының саны 4,7% азайған. Ал, қаза болғандар саны 3,1% төмендесе, жарақат алғандардың саны 1,4 пайызға өскен. Төрт түлігін қараусыз қалдырған 3635 мал иелері Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 408-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Түркістан облысы жолдарында жол қозғалысын реттеу шаралары полицейлердің күн тәртібінен түскен емес. Көліктер мен жолдарды заманауи техникалық құралдармен, бейнебақылау камераларымен жабдықтау жұмыстары жолға қойылды. Мұның өзі жүгенсіз жүргізушілерді анықтауда тәртіп сақшыларына таптырмас көмекші болуда. Сондай-ақ, «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз, балалар!» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы жалғасып жатыр», – дейді Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бегімхан Ахметов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<