Токио Олимпиадасына кімдер барады?

336

0

Жұмыр жердегі жұртшылық Токио төрінде биыл 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына көз тігеді. Дүбірлі додада әр елдің дарабоз ұландары бәйгеге түсіп, абыройлы оралуға күш салатыны анық. Сондай сындарлы сәтте сыр бермей, жеңімпаз тұғырынан көрініп жүрген  Сыр өңірінің жампоздары да аз емес. Биыл беделді бәсекеде біздің облыстан қандай саңлақтарға үміт артамыз?

Олимпиада төрінде атой салу – әрбір спортшының бас­ты мақсаты. Спорт әлеміне қадам басқан жас өрен келешек кемерінде толағай табысқа қол созуды қалайды. Оған дейін талай асу мен белес бар. Шағын жарыстан бастап ірі сайыстарға дейін бақ сынайсың. Сол беделді бәсекелерде сыр бермей, ел үмітін ақтап жат­қан жағдайда дүйім ел көз тіккен осындай дүбірлі додаға бару көкжиегі кеңейе түседі. Қазақстандық саңлақтар Олим­пиада төрінде алғаш 1996 жылы бой көрсеткен болатын. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде шеберлігі шыңдалған шымыр ұландарымыз жеңіс тұғырынан көрінгенін бәріміз білеміз. Олардың қатарында Сыр топырағында дүниеге келген дарабоздар аз болған жоқ. Сол жарасымды үрдіс биыл да жалғасын таба ма? Жанкүйер көкейіндегі сауал осыған саяды.

Бүгінде айтулы аламанға берілетін жолдамаға қол жеткізу мақсатында тайталас жүріп жатқаны белгілі. Осындай үміткерлер қатарында қазақстандық спортшылар да бар. Қазір ауыр атлетикадан беделді бәсекеде кімдер бақ сынайды деген сауал жиі қойылады. Себебі, зілте­мірді төбесінде шыр көбе­лек айналдыра білетін саң­лақтардың саны аз болып тұр. Бұдан бұрынғы Олимпиада төрінде қазақстандық ауыр атлеттердің саны басым болғанын жақсы білеміз. Деген­мен, кейбір қазақстандық ауыр атлеттердің допинг дауына ілігуіне байланысты Токио төрінде тайталасқа түсетін спортшылар қатары кеміді. Биыл біздің еліміздің атынан күншығыс еліндегі бәсекеге қай саңлағымыз қа­тыса алады? Допинг да­уына ілігіп, біраз жыл бойы үлкен спорттан шеттетілген жерлесіміз Илья Ильин қазіргі күндері Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін түрлі жа­рыс­тарда бақ сынап жүр. Бұған дейін қызылордалық ауыр атлет осындай екі бәсекеде тартысқа түсті. Десе де, әзірге Токиоға жолдама ала қойған жоқ. Қазақстандық ауыр атлеттерді алда тағы екі жарыс күтіп тұр. Оның алғашқысы ақпан айында Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында өткізілсе, сәуірде елордамызда Азия чемпионаты жалауын көтереді. Екі бәсеке барысында Жапонияға бара­тындар белгілі болады.

Шаршы алаң төрінде шебер­­лігін көрсетіп жүрген қызылордалық боксшылар да Жазғы Олимпиада ойын­да­рында бақ сынауы мүмкін. Әзірге оған кімдердің баратыны белгісіз. Әрине, бокс жайында айтқанда алдымен Қазақстан құрамасының ка­питаны Қам­шыбек Қоң­қабаев ойға оралады. Сыр саңлағы бүгінгі күнге дейін мұндай бәсекеде ел намысын қорғап үлгерген жоқ. Ол 2017, 2019 жылдарда әлем және Азия чемпионаттарында 91 келіден жоғары салмақта күміс жүлдегер атанды. Ендігі кезекте жерлестері шаршы алаңда шыңдалған шымыр жігіттің Олимпиада төрінде жарқылдап көрінуіне тілектес. Сондай-ақ, тағы бір жерлесіміз Тұрсынбай Құлахмет 75 келіде дүбірлі додаға барып қалуы ғажап емес. Былтыр ол алдымен Азия чемпионы атанса, одан кейін әлем чемпионатында қола жүлдеге қол созды. Дегенмен, оған елімізде өз салмағында басты бәсекелес бар. Бұдан бұрынғы жылдарда Әбілхан Аманқұл халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген болатын. Әбілхан былтыр жарақат алып қалды. Бапкерлер әлем және Азия чемпионатына Тұрсынбайды алып барды. Сыр боксшысы екеуінде де ел мерейін өсірді. Қос боксшының арасында осылайша тартыс жүріп жатыр. Алдағы ақпан айының 3-14-і күндері Қытайдың Ухань қаласында Олимпиадаға Азия және мұхит аймағы бойынша іріктеу ойындары өткізіледі. Сол бәсекеде елімізден Жапонияға кімдер жолдама алатыны белгілі болады. Мамандар қызыл­ордалық боксшы қыз Дәметкен Келімбетті де жол­дамадан үміткерлер қата­рында атайды.

Соңғы жылдарда Сыр өңірінде байдарка мен ­каноэ есу спорты өркендеп келеді. Бұрын ол таңсық спорттың бірі еді. Жергілікті жастар өзен-көлдерде, су айдынында ескек есудің қыр-сырына қанығып, қазір елімізде бәсеке көрігін қыздыра алатын деңгейге жетті. Нәтижесінде қызылордалық саңлақтар биыл тұңғыш рет Токио төрінде атой салуы ғажап емес. Рас, байдарка мен каноэ Америка, Еуропа елдерінде жоғары деңгейде дамыған. Қызылордалық жастар сондай азулы қарсыластарымен бәсе­кеге түсіп, мол тәжірибе жинақ­тайтыны анық. Қазір Сыр жастарынан Алтынбек Қожах­мет әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, Мерей Медетов Азия ойындарында үздік үштіктен көрінді. Тағы бір үміт күткен спортшымыз – Гүлжайна Тыныбекова Азияда алтыннан алқа тақса, әлем чемпионатында алғашқы бестіктен көрінді.

– Олардың барлығы түрлі халықаралық жарыс­тарда өздерінің шеберлігін дәлелдей білді. Сондықтан әрбір шәкіртіме үлкен үміт артып отырмын. Алдағы наурыз айында бірқатар жарыстар өткізіледі. Сол сайыстарда біздің спортшылар алдыңғы қатардан көрініп жатса, Токиоға бару мүмкіндігіне ие болады. Бұл қызылордалық жастар үшін үлкен табыс деп санау­ға негіз бар, – деді байдарка мен каноэ бапкері Мұхитдин Мейір­беков.

Қазір Сыр спортшылары арасынан еркін күрес ше­бері Дәулет Ниязбеков Олим­пиадаға жолдама алып үлгерді. Оны қазақстандық жан­күйер­лер тәжірибелі балуан ретінде жақсы біледі. Биыл 32 жасқа толатын жерлесіміз 2012 жылы Лондондағы айтулы аламанда бақ сынаған еді. Бабы мен бағы келмеген шығар, ол жолы жанкүйерді жеңісімен желпіндіре алған жоқ. Сол кеткен есені осы дүбірлі додада қайтара ма? Дәулет Олимпиададан олжалы орала алмағанмен, әлем чемпионатында 2011 жылы қола, 2019 жылы күміс жүлдегер атанды. Ал Азия чемпионатында үш мәрте чемпион атанса, үш мәрте қола жүлдеге қол созды. Айта кетерлігі, оған бала кезінен Әбутәліп Аманов тәлім беріп келеді. Нәтижесінде тәжірибелі маман тынбай тер төгетін талантты өреннен әлемдік дең­гейде тайталасқа түсе ала­тын шеберді дайындап шы­ғарды. Алдағы айтулы аламанда Дәулеттің жұлдызы жарқырай түседі деген үміттеміз.

Биыл Олимпиадада алғаш рет каратэ-до спортынан жүл­де үлестіріледі. Жарыс­тың бұл түрінен біздің өңірде әбден ысылған саңлақтарымыз аз емес. Солардың қатарында Мөлдір Жаңбырбайды айтып өтуге әбден болады. Әрине, бүгінгі күнге дейін ол талай жарыста топ жарды. Күншығыс еліндегі бәсекеге барып жатқан жағдайда жерлесіміз жоғары деңгейде ойын көрсетеді деген сенім бар. Алда айтулы аламанға жолдама беретін ірі сайыстар күтіп тұр.

Қазіргі таңда Токио Олим­пиадасында 200-ден астам елден 12500 адам бақ сынайды деп күтілуде. Олар спорттың 33 түрінен 339 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Әділет ТАЛАПТАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<