Мемлекет басшысы Корея Республикасы Президентінің міндетін атқарушы Чой Сан Мокқа көңіл айту жеделхатын жолдады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Муан әуежайында болған ұшақ апатының салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
Президент жақындарынан айырылған отбасыларға және барша достас корей халқына көңіл айтып, апаттан зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты таңғы сағат 9:07-де (Астана уақыты бойынша 5:07-де) болды. Бортта 175 жолаушы мен алты экипаж мүшесі болды, олар Бангкоктан оралған.
Апат салдарынан ұшақ айтарлықтай зақымданды, өрт шықты. Кейін төтенше жағдайлар қызметі өртті сөндіріп, іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жолаушылар арасында Оңтүстік Кореяның 173 азаматы және Таиландтың 2 азаматы болғаны анықталды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес лайнер қону кезінде құстармен соқтығысқан. Сондай-ақ құтқарылған екі адамнан басқалары қаза тапқан болуы мүмкін.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<