Тоқаев оңай олжа табу туралы жарнамаларға сенбеуге шақырды

360

0

Фото: Ақорда

Әдемі өмір сүру мен оңай олжа табу туралы жарнамалар халықтың санасына барлық жетістікке қиналмай қол жеткізуге болады деген бос қиялды сіңіреді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Еңбекқорлық пен жауапкершілік ұлтымыздың бірегей болмысына айналуға тиіс. Бүгінде әлеуметтік желілерде әдемі өмір сүру мен оңай олжа табу туралы жарнамалар көбейіп кетті. Бұл халықтың санасына барлық жетістікке қиналмай қол жеткізуге болады деген бос қиялды сіңіреді. Жастардың белгілі бір бөлігі соған сеніп, алтын уақыттарын босқа сарп етуде. Кез келген жетістікке тынымсыз еңбек қана жеткізетіні даусыз. Бұрынғылар «Еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтпаған», – деді Қасым-Жомар Тоқаев.

Президент еліміздегі әр азаматтың адал әрі жауапты еңбек арқылы табысқа жеткенін қалайтындығын баса айтты.

«Бұл – азаматтарымыздың өмірлік мақсатына айналуға тиіс. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасының мәні де осында жатыр. Мен жастарға сенетінімді үнемі айтып келемін. Ауыл шаруашылығы жастардың өзін танытуына мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ауылға маман тартудың қаншалықты қиын екенін жақсы білетін шаруашылық басшылары бұл іске ерекше мүдделі», – деді Мемлекет басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<