«Тоқаев қоры» әлеуметтік көмек көрсетеді

856

0

Әлеуметтік желілерде 2022 жылғы 20 тамызда «Қ.Тоқаев атындағы әлеуметтік қордан» әлеуметтік көмек көрсету туралы жарлыққа қол қойылғаны туралы мәлімет тарап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Желідегі ақпаратта көмек мұғалімдерге, медицина қызметкерлеріне және мемлекеттік қызметшілерге ұсынылатыны жазылған.

Stopfake.kz сайтының мәліметінше, бұл хабарлама – жалған. Іс жүзінде Қазақстан Президенті атындағы әлеуметтік қор жоқ. Елімізде ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша құрылған, бірақ оның есімімен аталмайтын «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры бар. Қор қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға қол ұшын созады. Ресми сайт арқылы берілген өтініш мақұлданғаннан кейін ғана мұқтаж азаматқа көмек ұсынылады. Қор емделуге, оқуға, дәрілік заттарды сатып алуға қаржы аударады.
Мұндай хабарламалар – алаяқтардың ісі, жеке деректерді иемденудің амалы. Бұған дейін қазақстандықтарға «Қазақстан халқына» қоры қызметкерлерінің атынан қоңыраулар түсіп, көмек ұсынылған болатын. Қор өзінің ресми сайтында бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Қазақстан халқына» қоры қаржылық көмек көрсетпейді. Азаматтардан қауесеттерге сенбеуге және алаяқтық ұйымдар тарапынан арандатушылыққа бой алдырмауға шақырамыз. Қор қызметкерлері СМС-код ұсынуды сұрамайды. Алаяқтарға ешқандай ақпарат бермеуді және 1414 нөмірінен келіп түскен кодтарды үшінші тұлғаларға айтпауды өтінеміз.
Сондай-ақ қор мессенджерлер арқылы видео-аудиоқоңыраулар жасамайды. Барлық өтінімдер тек qazaqstanhalqyna.kz сайты және atamekenim.kz қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай тізілімі арқылы ғана қабылданады, сол жерде пайдаланушы өз өтінішінің мәртебесін де біле алады», – делінген «Қазақстан халқына» қорының сайтында.

Таралған ақпарат мәтінінде айтылған 2022 жылғы 20 тамыздағы әлеуметтік көмек бойынша төлем жасалатыны туралы жарлық та жоқ. Akorda.kz сайтының «Құқықтық актілер» бөлімінде мұндай құжат орналастырылмаған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<