Заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты ұлықтау рәсімінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шынайы заң үстемдігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жеке меншікті қорғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Сондықтан заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты. Барлық мәселе, әсіресе түйткілді және даулы проблемалар конструктивті диалог арқылы, ең алдымен, Парламентте шешілуге тиіс. Алдағы Сенат және Мәжіліс сайлауы осы мүмкіндікті береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын қатаң сақтауымыз керектігін баса атап өтті.
«Біз «бірлігіміз – әралуандықта» формуласында көрініс тапқан халқымыздың тарихи жетістіктерін жан-жақты еселеуге тиіспіз. Қоғамда араздық туғызатын және ұлттың бірлігін бұзатын, түптеп келгенде, мемлекетімізге қарсы бағытталған арандатушылық әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады», – деді ҚР Президенті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<