Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорданың Telegram арнасының жазуынша, Асламбек Мерғалиев президентке сот жүйесінің қазіргі қызметі жөнінде мәлімет берді.
Президенттің дербес кассациялық инстанция құру үшін консультациялар өткізу туралы тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады. Заңгерлермен, ғалымдармен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен және Парламент палаталарының депутаттарымен бірлесе талқылау жұмыстары жүргізіліп, соның негізінде елордада (қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша) үш кассациялық сот құру моделіне оң баға берілгенін айтты;
«Жоғарғы сот алдын ала қарау институтын жоюды, «толық кассацияны» қолдануды, қаралуы 6 айдан аспайтын «ақылға қонымды мерзім» белгілеуді, сондай-ақ тараптардың міндетті түрде қатысуымен сот процесін жүргізуді ұсынды. Өз кезегінде жоғары сот органы қадағалау ісіне және сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз етуге баса мән беретінін жеткізді», делінген хабарламада.
Әкімшілік әділеттің жұмысы мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселесі жөнінде айтты. Жоғарғы сот төрағасы цифрландыру және сот қызметінің ашықтығы мен сот төрелігінің қолжетімді болуын жақсарту мақсатында жасанды интеллект элементтерін енгізу туралы хабарлады.
Мемлекет басшысы сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың сапасына және барлық сатыдағы істерді қарау кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<