Қазіргі заманда электр энергиясы – өркениеттің жүрегі. Біз күнделікті қолданатын жарық, тұрмыстық техника, өндірістік құрал-жабдықтар, байланыс жүйелері – барлығы электр қуатына тәуелді. Электрсіз өмір сүруді елестету мүмкін емес.
Ал осы қуатты бізге жеткізетін, қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін – электриктер. Олар көрінбейтін, бірақ ең маңызды жұмысты атқарады. Кез келген ғимараттың, зауыттың, тіпті көшелердің жарықтандырылуы – олардың кәсібилігінің нәтижесі.
Осындай жауапкершілігі мол мамандық иесі Ерсұлтан Жұмабек әкесінің жолын жалғап келеді. Ол мектеп бітірген соң Алматы индустриалды колледжіне электрик мамандығына оқуға түскен. Бүгінде «Қазгермұнай» БК ЖШС мекемесінде өз саласы бойынша жұмыс істеп жүр.
– Әкем осы мекемеде біршама уақыт қызмет етті. Ол кісі дүниеден озғаннан кейін басшылық мені жұмысқа қабылдады. Жалпы, электрик – сым жалғаушы емес, қауіпсіздік ережелерін жетік білетін, үлкен жауапкершілік арқалайтын адам. Бір кішкентай қателік бүкіл жүйені істен шығарып, тіпті адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Бүгінде технология дамыған сайын түрлі техникалардың да «тілін» табу оңай емес. Ол үшін үнемі ізденіс қажет. Бала кезден әкемнің жанында жүріп, көп нәрсені үйрендім. Мені еңбекке баулыған, адал нан табуға үйреткен де өзі еді, – дейді Ерсұлтан.
Иә, расында электрик – табысты әрі жауапты мамандық. Олардың әр қадамы қауіпке толы. Өйткені қолмен жұмыс істейтіндіктен, дәлдікті қажет етеді. Қырағылық – ең керек дағды, қателесуге әсте болмайды. Міне, осындай жауапты салада еңбек етіп жүрген Ерсұлтан Талғатұлы мамандығын әрдайым мақтан етеді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





