Тракторшы Әлия

872

0

Тракторшы Әлия Қызықты оқиғаға құлақ түре жүретініміз бар. Мақалаға арқау болған кейіпкер жайында бала күнімізде де жиі еститінбіз. Жұрт бұл кісіні  «Тракторшы Әлия» дейтін. Жаңақорғандық Әлия Құдайбергенова аудан халқына  еңбегімен таныс. 

Тағдыр жолы сан тарау ғой. Қойнауы қазынаға толы қарт Қаратаудың етегінде туып-өскен бойжеткен әу баста ғұмырын ауылда өткеремін деп ойламаған да шығар, сірә. Арман қуып, қалаға кеткісі де келді. Бірақ отбасының жайы бұл ойына тұсау болды. Осылайша, тракторды тізгіндеп, шаруашылықтың жұмысын шыркөбелек айналдырған  санаулы қыздардың біріне айналды. Мектепте оқып жүргенде әкесінің тракторын білдірмей айдап кететін еді. Бір күні ағашқа соғып, ұрыс естігені бар. Сонда да қыз талпынған бетінен қайтпады. Бос тұрса, мініп кетеді. Әкесі мұны біліп қойып, талай ескерту жасап, тыйым салады. Алайда, қызының ынтасына қарап, мектеп бітірген жылы әкесі оған  трактор айдауды өзі үйретеді. Уақыт өте келе, темір атты жүргізудің қыр-сырын үйренеді. Кішкентай бауырларымен үйде науқас анасын қарайлау үшін барын салды. Әкесіне қолғабыс етті.

Алғашқыда жас қыздың трактор құлағында ойнайтынын көрген жігіттер таңғалғандарын жасыра алмайтын. Тіпті кейде бұзылып, ұзақ қаңтарылып тұрған трактордың тілін де Әлия табатын болды. Осылай еңбекқор қыздың ерлігі көпке үлгі болған.

Ол тұста тракторшы қыз тұратын елді мекен мал бордақылау бірлестігі  еді. Онда шұжық шығаратын цех, мал фермасы жұмыс жасайды. Тіршіліктің қайнаған ортасы. Әлия нағыз бесаспап жұмысшыға айналды. Малға шөп салады, құрылыс алаңына керекті материалдарды жеткізіп береді. Егіндікте жер жыртады, алқаптарға тыңайтқыш себеді. Қаршадай қыздың талабына риза болған ауыл басшысы аудандық партияға хат жазып, жаңа трактор  беруді сұрапты. Содан бір күні аудандық мәдениет үйінде үлкен конференция өтеді. Сол конференцияда Әлияға су жаңа трактор табыс етілді. Трактордың есігіне «Құдайбергенова Әлия» деп жазылғанын көргенде қуаныштан көз жасына ерік береді.

Тынымсыз еңбекке бойы үйренген Әлия уақыттың қалай зымырап өте шыққанын байқамапты.  Анасы мен бауырларының жағдайына алаңдап жүріп, жеке басының өміріне мән бермепті. Ол 35 жасында тұрмыс құрды. Бүгінде бақытты ана, аяулы жар, ардақты әже. Қайсар жанды әңгімеге тарта отырып, қандай мамандықты бітіргенін сұраған едім. «Мен журналистиканың соңғы курсының студентімін»,- деді. Таңданысымды жүзімнен аңғарса керек. Күлді. «Менің бала күнгі арманым журналист болу еді. Бірақ мүмкіндігім болмады. Өткенге қайта оралсам, осы мамандықты оқитын едім»  деп орындалмаған арманын ойға алды. 

– Еңбек бар жерде, нәтиже болады. Алға қойған мақсатқа жету үшін тынбай тер төксең, жемісін береді. Мен балаларыма, жастарға еңбек етуді үйретіп келемін. Жалқаулыққа жол бермеу керек. Бізді бала күнімізден ата-анамыз еңбекке ерте араластырды. Жаман болған жоқпыз. «Еңбек етсең, емерсің» деп ата-бабамыз тегін айтпаған, – деп ойын білдірді.

Ерлермен қатар еңбек етіп, ел ырысын арттырған Әлияның өмір жолына қарап үлкен ой түйіндеуге болады. Кейінгі жастарға еңбек адамы ретінде үлгі тұтарлық жан.  Біз де немерелерінің  балдай тәтті қылықтарын қызықтауды жарық жалғанның баға жетпес бақыты деп есептейтін кейіпкеріміздің шаттыққа толы ғұмыр кеше беруін тіледік…

Сара АДАЙБАЕВА,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<