Республиканың түкпір-түкпірінен жарысқа келген журналистер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысының киелі орындарын аралап, бабалар басына тәу етті. Қонақтар жолсапар барысында Отырар ауданына аялдап, онда Арыстан баб кесенесіне зиярат етіп, көне Отырар қалашығының шежірелі тарихымен танысты. Сондай-ақ, республикадағы қаламы қарымды журналистер облыс мақтанышына айналған ірі кәсіпорындар, Ордабасы ауданындағы «Александровский сад» ЖШС мен «Бөрте-милка» сүт тауарлы фермасының жұмысымен жете танысты.
Айта кетейік, Ұялыжар ауылында орналасқан «Александровский сад» 17 гектар жерге жаңа технологияны пайдалана отырып, тамшылатып суару әдісімен күн өткізбейтін тор тарту арқылы бау (алма) егуді
қолға алған. Ал, автоматтандырылған жаңа технологиялы сүт өңдеу зауыты тәулігіне 40 тонна сүт өнімін өңдеуге қауқарлы. Қазіргі таңда «Бөрте милка» сауда таңбасымен қаймақ, май, ірімшік, сүзбе, йогурт өнімдері шығарылып, сұранысқа иеленуде.





