Тіршіліктің тірегі – әйел-ана

720

0

    Тіршіліктің тірегі – әйел-ана 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі барлық аудан орталықтарында әзиз әжелер мен аяулы аналарды, қыз-келіншектерді құрметтеу үрдісімен аталып өтті. 

Қызылорда. Қала әкімі Н.Нәлібаевтың мерекелік қабылдауына еңбек ардагерлері, батыр аналар, білім, спорт және мәдениет саласының үздіктері, ұлттық-мәдени орталықтардың мүшелері, журналистер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері жиналды.

Қазір облыс орталығында 3500 Батыр ана тұрса, көп бала тәрбиелеп отырған жас аналар саны 6500-ге жеткен. Мерекелік қабылдауға қатысушыларға жүрекжарды тілек пен мерекелік сыйлықтар, гүл шоқтары табысталды.  

Өз кезегінде ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласында соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында орын алған оң өзгерістерге тоқталып, осы мақсатта қызмет етіп жүрген барша азаматтарға алғыстары мен аналық ақ тілектерін жеткізді.

Арал. Мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде «Ана – өмір шәрбаты, Ару – әлем сымбаты» атты салтанатты шара өтті. Жасы 100-ден асқан Жонай Таңымбетованың батасынан бастау алған мерекелік кеште аудан әкімі М.Оразбаев өз лебізін білдірді.

Салтанатты шара аудан дамуына үлес қосып, елеулі еңбегімен көзге түскен, өз саласында үздік атанған бірқатар қыз-келіншектерді марапаттау рәсіміне ұласып, марапат иелеріне аудан әкімінің алғыс хаты мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының алғысы табысталды. Сондай-ақ, мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты.

Қазалы. Аудан экономикасын ілгерілетуге үлес қосып отырған табысты жандар іскер әйелдер форумында бас қосты. Басты мақсат – әйелдер мүмкіндіктерін кеңейту, әйел кәсіпкерлігін дәріптеу, бизнесті қолдау мемлекеттік бағдарламаларына әйелдердің қатысуын жандандыру.

Аудан әкімінің орынбасары С.Бабанаев қатысқан форумда нәзікжандылар өзара тәжірибе алмасып, жұмыстарын қорытындылады. Алда тұрған ортақ міндеттер туралы ой бөлісті.

Форум қорытындысымен бір топ әйел кәсіпкерлер марапатталды. Сондай-ақ, қонақтар назарына ауданның әйел кәсіпкерлері ұйымдастырған тауарлар көрмесі көрсетілді.

Қармақшы. Аудандық мәдениет үйінде аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Әлемнің нұры – әйелдер» тақырыбында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай білім саласы қызметкерлерінің салтанатты жиыны өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары М.Самитов білім саласының ардагер ұстаздары мен қыз-келіншектерін мерейлі мерекемен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Салтанатты шара білім саласы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Жалағаш. «Өмірдің  иесі сен, ғазиз ана» тақырыбында ұйымдастырылған мерекелік шараға ардагерлер, батыр аналар, депутаттар мен кәсіпкерлер және түрлі салада қызмет ететін нәзікжандылар арнайы шақырылып, құрмет көрсетілді. Мереке иелерін аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев құттықтап, сый-сияпат жасады. Сонымен қатар шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев, ҚР оқу ісінің үздігі, білім беру саласының ардагері Р.Исахметова сөз алып, барлық аналар, әйелдер қауымын айтулы мерекемен құттықтады. Аудан өнерпаздары ақжаулықты аналардың құрметіне мерекелік бағдарламасын ұсынды.

Сырдария. Аудан әкімі Ғ.Қазантаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ақ жаулықты аналарды және қазіргі таңда жемісті жұмыс жасап жүрген қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады. Аудан әкімі мерекелік қабылдауда егемен елдің өркендеуі жолында әйелдер қауымының алар орны ерекше екенін айтып, игі тілегін жеткізді.

Мерекелік қабылдауда ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері А.Бахтиярова, ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің екі мәрте депутаты болған Б.Синаева, Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері С.Өмірзақова, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, білім саласының ардагері А.Ізбасарова, Ассамблея мүшесі Н.Быстрякова сөз сөйлеп, мерекеде құрмет көрсеткені үшін аудан басшысына алғыстарын жеткізді. Аналарға аудан әкімінің Құттықтау хаты, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары берілді.

Шиелі. Аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Ә.Оразбекұлы Халықаралық әйелдер күніне орай ардагер аналар мен ауданның дамуына үлес қосқан белсенді әйелдер қауымын салтанатты түрде қабылдады. Көктемнің шуақты мерекесіне арналған жарқын кездесуге келген Ұлман Мәмірейқызының торқалы 94 жасымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Қарт ана ел азаматтарына ақ батасын берді.

Жарқын кездесу соңында барша қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Жаңақорған. Аудан әкімі Ғ.Әміреев М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде «Ана – әлемнің әміршісі» атты салтанатты шараға қатысып, аудандағы барлық аналарды, ару қыздарды мерекемен құттықтады. Мәдениет үйінде  қылқалам шебері Ұлмекен Маутованың көрмесімен танысты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына үлес қосып жүрген бірқатар белсенді аналар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Салтанатты шара мәдениет үйінің қызметкерлері әзірлеген мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<