Тұрғын үй салып берді

272

0

Жуырда Жаңақорған ауданы Қыраш ауылының тұрғыны Өтешбек қария жаңа баспаналы болып, бұл қуанышына ауылдастары мен ағайын­дары ортақтасты. Заманауи үлгімен салынған бес бөлмелі үйді аудандық мәслихат депутаты, белгілі меценат, кәсіпкер Әлібек Нәлібаев салдырып берді. Үйдің ішіне бу қазандығы орнатылған, от бір жерден жағылады. Суы сарылдап ағып тұр. Бұл – кәсіпкердің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған мәуліт айындағы қайырымдылық шарасы.  

– Өтешбек ағаны жас­тайымнан білемін. Кеңестік  дәуір кезеңінен саналы ғұмырында қоғам малын бағумен, ал ел егемендігін алғаннан кейінгі жылдарда «Бақытжан» шаруа қожалығында ұзақ жылдар еңбек етті. Зейнетке шыққаннан кейін тұрақты мекені болмады. Ақылдаса келе үйді Қыраш ауылынан салуды бастадық. Міне, енді бүгін қоныс тойы тойлануда, –дейді меценат.

Аудан имамы Сейдулла қажы да қасиетті Мәуліт айында жасалып жатқан қайырымдылық шарасына орай, «Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек,  ізгіліктің анық көрінісі,  адамның асыл қасиеті. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да қаншалықты қайырымды екендігінен байқалады» деді.

Жаңа үйдегі қоныс тойының жоғары деңгейде өтуін де кәсіпкер көтеріпті. Шара барысында Өтешбек аға іргетасын қалаудан бастап үйді толық бітіргенше құрылысшы жігіттерге басшылық жасаған Жамбылға ризашылығын білдірді.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<