Тұрғындар баспанаға орналастырылуда

244

0


Оқиға орын алғаннан кейін Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ербол Әлішеров  құтқарушылар 112 нөміріне хабарлама түскен бойда оқиға орнына жеткенін, жұмысқа 80-нен астам маман және 20-ға тарта техника жұмылдырылғанын айтқан еді.

– 5 қабатты жатақхананың 4-подъезінің оң жағы толығымен құлаған. Әйтеуір, бұл жағында ешкім қоныстанбаған болып шықты. Жатақхана тұрғындарының басым бөлігі №2 «Мұрагер» мектебіне көшірілді. Қалғандары туған-туыстарының үйлерін паналай тұрады, – деді басқарма бастығы.

***

Осыған байланысты кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында құлаған жатақхана тұрғындарының жергілікті билік есебінен жалға алынған пәтерлерге көшірілгендігі хабарланды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов айтты. 

– Бұған дейін «Мұрагер» мектебіндегі эвакуациялық бекетке орналастырылған 46 отбасыны 2 күнде пәтерлерге орналастырамыз деп мәлімдеген болатынбыз. Қазіргі кезде отыздан астам отбасын көшірдік. Бұл жұмыс жалғасып жатыр, – деді қала әкімінің орынбасары.

 Оқыс оқиғаға байланысты құрылған арнайы комиссия заң талаптарына сәйкес баспанамен қамту үшін әр отбасының жағдайын зерттеп жатыр. 

 Бұдан бөлек, кеше облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаладағы жатақханалардың жағдайын анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесі 12 наурызда белгілі болады.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<