Қазір «Отбасы банк» тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар тізімін түгендеуді (инвентаризация) жүргізіп жатыр. Ол не үшін қажет? Жалпы түгендеу дегенді қалай түсінеміз? Бұл туралы «Отбасы банктің» қаржы жөніндегі кеңесшісі Гүлнұр Салхадиновамен сөйлескен едік.
Түгендеу – бұл клиенттердің жинақ шоттарын, салымдарын және құжаттарының дұрыстығын тексеру процесі. Мұны банк ішкі бақылау кезінде заң талаптарына сүйеніп немесе жүйені жаңарту кезінде жүргізеді.
– Бұл көбіне клиенттік деректерді нақтылау үшін жасалады. Түгендеу кезінде қандай құжаттар тексеріледі дегенге келсек, алдымен ЖСН, жеке куәлік деректері, салымшының өзі бар ма, оның мақсаты (тұрғын үй жинағы ма), шоттың белсенділігі (ұзақ қолданылмаған шоттар) жайлы ақпараттарды қараймыз. Мұның барлығы заң талаптарына сай болуы қажет, яғни жалған немесе пайдаланылмайтын шоттар анықталады. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылардың деректерін жаңарту кезінде егер банк тарапынан хабарландыру келсе, жеке куәлікпен барған дұрыс. Сондай-ақ мобильді қосымша арқылы деректерді растауға болады. Кейбір салымшылар алаңдаушылық білдіріп жатады. Одан қорқудың қажеті жоқ. Бұл – қалыпты тексеру. Егер бәрі дұрыс болса, шотыңыз өзгермейді, салымыңыз сақталады. Сонымен бірге, пәтерлерді бөлу кезінде кезекке қойылған күн мен санаттардың басымдылығы ескеріледі, – дейді қаржы жөніндегі кеңесші.
Түгендеу рәсімі қателерді болдырмауға, кезекте тұрған адамның мәртебесін, отбасы құрамын, санатын, сондай-ақ оның тұрғын үйінің бар-жоғын нақты көрсетуге мүмкіндік береді. Банк жүргізетін инвентаризация тұрғын үйді бөлу процесін ашық әрі әділ етеді. Пәтер кезекке ертерек тұрған және шынымен мұқтаж азаматтарға беріледі.
– Бұрын пәтер бөлінгеннен кейін кезекте тұрған азамат міндетті түрде түгендеуден өтуі тиіс еді, тек содан кейін ғана тұрғын үйді рәсімдеу процесі басталатын. Кей жағдайда инвентаризация барысында азаматтың бұрыннан тұрғын үй сатып алғаны анықталып, оның енді тұрғын үйге мұқтаж емес екені белгілі болатын. Ал кейбір отбасыларда отбасы құрамының өзгеріп, балалары көбейгені анықталатын, бірақ оларға ауданы кішірек пәтер бөлінген жағдайлар да болды. Осындай жағдайлардың барлығында тұрғын үйді бөлу процесін қайта бастауға тура келіп, уақыт ұзарды және жүйе кешігіп жұмыс істеді. Енді 2 наурыздан бастап «Отбасы банк» тұрғын үйді тек түгендеуден өткеннен кейін ғана үлестіретін болады. Осы сәттен бастап инвентаризация тұрғын үй бөлу алдындағы алғашқы әрі міндетті қадамға айналады, – дейді Гүлнұр Абайқызы.
Кезекте тұрған азамат түгендеуден өтпесе, оны кезектен шығармайды. Алайда ол қанша уақыт кезекте тұрса да, тұрғын үйді бөлу процесіне қатыса алмайды. Түгендеуден өтпеген жағдайда банк оған жалдамалы тұрғын үйді де, сондай-ақ 2% және 5% мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігін де ұсына алмайды.
Қазіргі таңда кезекте тұрған азаматтардың ішінде 257 000 адам түгендеуден өткен.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






