«Түкті кілем – шеберлер мектебі» халықаралық жоба Қызылордадан бастау алды

68

0

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында қазақ халқының көне де киелі өнері – түкті кілем тоқу дәстүрін жаңғыртуға бағытталған «Түкті кілем – шеберлер мектебі» ашылып, жұмысын бастады. ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұраны қорғау туралы Конвенция­сы аясында қолға алынып отырған тың бастама халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнерін сақтау, дамыту және жаңа буын шеберлерін даярлауды мақсат етіп отыр.

Шеберлер мектебінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев қазақ қолөнерінің ұлттық мәдениеттегі орны мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.

– Өздеріңізге белгілі, облыс әкімінің қолдауымен және материалдық емес мұраларды қорғау жөнінде ЮНЕСКО жанындағы ұлттық комиссияның бастамасымен ұмытылып бара жатқан ұлттық қолөнерді, соның ішінде Сыр өңірі бо­йынша кілем тоқу мектебін қалыптастыру жобасы қолға алынып отыр. Бұл орайда аталған комиссия мүшесі Жанерке Наурызбайқызына алғысымызды білдіреміз.

Бүгін ашылған шеберлер мектебі арқылы келешекте кілем тоқу өнері кең қанат жайып, әлемдік деңгейге шығады деп ойлаймыз. Жобаның түпкі мақсаты да осы, – деді ол.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жанерке Шайгөзова қолөнердің мәдени мұра ретіндегі құндылығына тоқталып, дер кезінде қолға алынған бастаманың өз деңгейінде жалғасын табатынына сенім білдірді.

– Бүгінгі ашылып отырған шағын ғана шеберлер мектебі әрі қарай үлкен жобалармен жалғасын табады. Екі-үш жыл болды, құжаттар әзірленді, жобаның мазмұны терең зерттеліп, талдау жасалды. Осылайша халықаралық жоба жүзеге асырылып отыр. Жасыратыны жоқ, қазір Сыр кілемін тоқуды білетін санаулы ғана адам бар шығар. Олардың өзі қарт әжелер, бірақ қолөнерді әрі қарай  жалғастырып отырған шәкірт жоқ. Сондықтан бұл ұлттық деңгейде назар аударатын үлкен мәселенің бірі. Жобаның мақсаты кілем тоқу өнерін көркем еңбек пәнінің мұғалімдеріне үйретіп, сол арқылы оқушылардың қызығушылығын оятуға бағытталған, – дейді Ж.Шайгөзова.

Оның айтуынша, әр өңір қолөнерінің өзіндік ерекшелігі бар, ою-өрнегі, түсі әртүрлі болып келеді. Мысалы, түкті кілем тоқу өнері Маңғыстау және Сыр өңірінде кең таралған. Алайда бүгінде Сыр кілемдерінің түпнұсқасы азайып барады. Бұл мәселе өз алдына зерттеп, зерделеуді қажет етеді. Осы орайда қолға алынып отырған халықаралық жоба Сыр өңірінен бастау алып, әрі қарай жалғасын таппақ.

Алғашқы жұмысын бастаған шеберлер мектебіне кілем тоқу өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген, көп жылдар бойы дәстүрлі қолөнерді дамытып, жас ұрпаққа үйретіп жүрген тәжірибелі шебер, ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі Қарлығаш Ильясова.

– Ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық өнер. Жастарға үйрету мақсатында жаңғыртылып отыр. Бүгінгі қолға алынған бастама әрі қарай жалғасады. Менің қуанып отырғаным, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері осы өнерді үйренуге және жастарға үйретуге ерекше қызығушылық танытуда. Жалпы өзім қашаннан бері ұлттық қолөнерді дамытуды, оның ішінде Сыр бойы қолөнерін үлкен өндіріске алып шығуды ойлап жүретінмін. Бүгін сол мақсатыма жеткендей көңілім қуанышқа бөленіп тұр.

Түкті кілем тоқу – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен тығыз байланысты көне өнер. Кілем өрнегінде бабалардың ойы, аналардың қолының табы, ұлттың эстетикалық талғамы бар. Сонымен қатар, шыдам мен шеберлікті, әсемдік пен дәлдікті талап ететін өнер. Осы дәстүрді үйрететін мектептің ашылуы – ұлттық мұраның қайта жаңғыруының айқын көрінісі, – дейді қолөнер шебері.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»