Ғұмырының басым бөлігін аймақтың қаржы-салық саласына арнаған абзал азамат Қамбарбек Мүбараковтың дүниеден өткеніне де жыл толды.
Белгілі қаржыгер-экономист, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жаңақорған және Шиелі аудандарының құрметті азаматы, Қызылорда облысының экономика және қаржы басқармасының басшысы болған Қамбарбек Амангелдіұлы біздің түлегіміз еді. Нақтырақ айтқанда, 1996 жылы Қызылорда Агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын АӨК экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірді. Ол өте жақсы оқыды. Алғыр маман болды.
Еңбек жолын 1990-1991 жылдар аралығында «Өзгент» совхозында қырманда слесарь болып бастап, әр жылдары банкте, аудан және облыстық салық комитетінде қарапайым маманнан басшылық қызметке дейін көтеріліп, мол тәжірибе жинап, сақа қаржыгерге айналды.
Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Шиелі ауданының әкімі, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарған уақыттарында да өзінің қарым-қабілетін, жоғары адамгершілік қасиеттерін көрсете білді.
Қамбарбек Мүбараков қандай қызметте де адал еңбегімен абыройға кенеліп, өңірдің салық, қаржы-экономика салаларының дамуына ерекше еңбек сіңірді. Қай қызметте болмасын біздің берген білімімізді ақтап, білікті шәкірт бола білді. Өзінің іскерлігімен, кәсібіне деген адалдығымен көпке сыйлы болды. Қамбарбек Амангелдіұлының өмір жолына қарап отырып, осындай шәкірт тәрбиелеп шығарғанымызды зор мақтанышпен айтамыз. Қамбарбектей мамандарымызбен мақтанамыз, оны мақтан тұтамыз.
Мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өткен тәжірибелі маман, біздің қабілетті, алғыр, іскер түлегіміз ретінде Қамбарбек Амангелдіұлының жарқын бейнесі жадымызда сақталады.
Қылышбай БИСЕНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері





