Түркия астанасында Мұстафа Шоқай туралы кітаптың тұсауы кесілді

721

0

Фото: Акжигит Чукубаев/Kazinform

Түркия астанасында өткен «Мұстафа Шоқай және түркі әлемі» конференциясында Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткердің тағдыры туралы «Кеңес Одағының түркі әлеміне қатысты саясаты» атты кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Kazinform.

Түркияның «Сахипқыран» стратегиялық зерттеулер орталығы ұйымдастырған ғылыми-тәжірибелік конференциясында Мұстафа Шоқайға арналған кітап таныстырылды.

Аталған еңбектің авторы Мұстафа Шоқайдың жеке басына тоқталатын сол уақыттың қасіретті кезеңдерін егжей-тегжейлі сипаттайды. Кітапты түрік ғалымы, Мимар Синан университетінің профессоры Абдуақап Кара жазған және ол бірден қазақ, орыс, француз тілдеріне аударылған.

Түрік профессоры қазақ мемлекетінің қайраткері туралы кітап жазуға үш жыл уақытын жұмсағанын айтады. Оның сөзінше, Мұстафа Шоқайдың өмірбаяны бүкіл түркі әлеміне үлгі, сондықтан түркі елдерінің жастары бұл туралы білуі керек. Автор қазіргі кезеңде жас ұрпақты отансүйгіштік, ұлттық салт-дәстүр рухында тәрбиелеу маңызды екенін ерекше атап өтті. 

«Мұстафа Шоқайдың өмірін, оның елінің тәуелсіздігі жолындағы күрескерлігін, тағдыр тауқыметіне төзе білген сәттерін суреттеу біз үшін зор мәртебе. Ол өмірінің соңына дейін өз елінің тәуелсіздігін сақтап қалуға тырысты. Жалпы қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің бірлігі мен бостандығы үшін күресті. Мұстафа Шоқайдың шығармалары туған жерден жырақта жүргенде Еуропа басылымдарында жиі жарияланып тұратын. Сол кездегі мақалаларының арқасында бүкіл әлем тәуелсіздік пен еркіндікті аңсаған Түркістан халқымен таныс болды. Кітапта француз тілінде жарық көрген ең маңызды және өзекті мақалалар туралы баяндалған», – деді түрік профессоры.

Біріккен іс-шара «Жаһандық журналистер кеңесі» түрік үкіметтік емес құрылымының алаңында өтті. Аты аңызға айналған қоғам қайраткерінің, сондай-ақ тұтас түркі әлемінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрес идеологының өмірі мен тағдыры туралы түрік сарапшылары, қоғамдық-саяси топтары мен ғылыми зиялылары да сөз қозғады.

Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Намық Кемал Зейбектің айтуынша, Мұстафа Шоқай туралы кітаптың әлемнің бірнеше тіліне аударылуы – қазақтың саяси қайраткерінің тұлғасы тек түркі елдеріне ғана емес, сонымен қатар Ресей мен Еуропа елдеріне де қызықты екенін білдіреді. Ал оның тәлім-тәрбиелік идеялары қашанда өзекті, әр заманның талабына сай.

Түрік тарихышысы Тугрул Чамаш та Анкарада өткен кітап тұсаукесерінен алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, Мұстафа Шоқай түркі әлемінің бүгінгі мәселелеріне 100 жыл бұрын жауап беріп кеткен тұлға.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<