Фото: Анадолы агенттігі
Түркия Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Абай облысындағы өртте адамдардың қаза болуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолыға сілтеме жасап.
«Абай облысында 14 орманшының қазасы туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадық. Қазақстанның дос әрі бауырлас халқына және үкіметіне көңіл айтамыз», – делінген ведомствоның Twitter-аккаунтында.
Еске салайық, «Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын.
Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, өрт 2 рет түскен найзағайдан тұтанған.
Тілсіз жауды ауыздықтауға жұмылдырылған 14 орманшы қаза болды. Барлығы мемлекеттік наградаға ұсынылды.
Семей орманындағы өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бірнеше ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
10 маусымда түсте жалын шарпыған аумақ 60 мың гектардан асып кеткені хабарланды.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды.
Сапар барысында Мемлекет басшысы орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.
12 маусым Семей орманындағы алапат өрттен қаза болғандарды аза тұту күні болып жарияланды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<