Түркістан облысында морокко шегірткелері қаптап кетті

557

0

Сурет: pixabay

Түркістан облысының Сарыағаш, Келес ауданындарында шегіртке қаптап кетті. Марокко зиянкестері қанат байламаса да, жайылымдық жерлерді тып-типыл етіп барады.

Жергілікті тұрғындар биыл шегірткенің жылдағыдан тым көп екенін айтып дабыл қағуда. Олармен күресті күшейтпесе, төрт-түлігіміз азықсыз қалады деп алаңдаулы, деп жазады qazaqstan.tv.

Әлімтау ауылының тұрғыны Сапар Әбдірайымов шегіртке жолындағының бәрін жеп, шөп қалдырмайтын түрі бар дейді. Қазірдің өзінде Марокко зиянкесі ауылдардың іргесінде көбейіп, жан жаққа тарай бастаған.

«Былтыр 500 гектар арпаны жеп кетті шаңын шығарып. Биыл тағы жейді бара жатыр құдай қаласа. Құртпаса, дымын қоймайды. Жердің бәрін тұтасып, шөбіміздің бәрін жеп, ада қылатын болды. Ертең малымыз аш қалады, шөп болмайды, дән болмайды, – деді Әлімтау ауылының тұрғыны Сапар Әбдірайымов.

Тұрғындар дәрілеу жұмыстары жүргізілгенше шегіртке қанат байлап, жан жаққа ұшып кеткен дейді. Соның салдарынан биыл тым көбейіп, бұрын кездеспеген елдімекендерден шыға бастаған.

Қазір зиянкестер айналадағының барлығын жайпап барады. Мәселен менің қолымдағы мына шөптің бірде-бір жапырағы қалмаған. Жергілікті халық шегіртке жеп кеткен шөптің 3-4 жылға дейін өспей қалатынын айтады.

Шалғай ауылдарда малмен жан бағып отырған халық шөп болмаса, күн көріссіз қалатыны белгілі. Зиянкестерден зиян шегіп отырған тұрғындар биыл да мал азығынсыз қаламыз ба деп қорқады.

«Жылда келіп самолетпен шашады, техникамен шашады дәріні. Бірақ жылдан жылға көбейіп бара жатыр шегіртке. Нәтиже жоқ ешқандай. Дәрісі әсер етпей жатыр. Әсер етсе бұл өлер еді ғой. Жылдан жылға көбейді», – Әлімтау ауылының тұрғыны Әзімбек Жаманбеков.

Ал шегірткеге қарсы күрес жүргізіп жатқан аумақтық инспекциядағылардың мәліметінше, қазір зиянкестер биологиялық өсудің төртінші сатысында. Оларды дәрілеу жұмыстары сәуір айының ортасынан басталған. Биыл 271 мың гектар аумақты улау жоспарланған болса, бүгінде бұл жұмыстар 53 пайызға аяқталған.

«Былтыр басқа дәрі қолданған, вантекс деген. Биыл қазір көріп отырсыздар, тиаметрин, карат супер деген дәрілер қолданып жатыр. Екі ұшақ жоспарланған ауданға. 25 жер үсті техника жүріп жатыр. Жалпы облыс бойынша 100-ге жеткізіп жатыр техниканы», – деді Сарыағаш аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Батырбек Тағаев.

Химиялық өңдеу негізінен зиянкестердің қанат жаймай тұрғанда жүргізіледі. Себебі шегірткелер алдағы он күнде толық жетіліп, дәріге бой бермей кетеді. Егер биылғы дәрілеу жұмыстары жүйелі жүргізілсе, келер жылы қанаттылардың қатары едәуір азайы мүмкін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<