Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындарының ресми ашылу салтанаты өтті. Биылғы ойындар Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өткізіліп жатыр. Кешенді жарыс 24 ақпан мен 1 қазан аралығында спорттың 34 түрінен ұйымдастырылуда. Аталған додаға 2000-нан астам спортшы қатысады.
Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өткен ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары, сондай-ақ спорт саласының құрметті мамандары қатысты.
Ербол Мырзабосынов ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде мұндай жарыстар жас спортшылар үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Баршаңызды киелі Түркістан топырағында көргеніме қуаныштымын! Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындарына қош келдіңіздер! Биылғы ойындар Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Ата-бабаларымыз сұрапыл соғыста ерен ерлік көрсетіп, бізге бүгінгі бейбіт күнді сыйлады. Батырлардың ерлігі мен еңбегін ұмытпауымыз керек. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы спорт саласының дамуына ерекше назар аударып келеді. Соның нәтижесінде отандық спорттың деңгейі жылдан жылға артып келеді. Біздің спортшылар халықаралық жарыстарда жарқын жетістіктерге жетіп, ел абыройын асқақтатып жүр. Ал Жастар спорт ойындары сияқты кешенді іс-шаралар отандық спортты жаңа деңгейге көтеруге серпін береді. Сондай-ақ жас ұрпақты саламатты өмір салтын ұстануға баулиды. Биылғы бәсекеде бағы мен бабы қатар шапқан ең үздік спортшылар жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенемін», – деді Туризм және спорт министрі.
VI Жастар спорт ойындары еліміздің барлық өңірлерінде өтеді. Оның ішінде Түркістанда баскетболдан, байдаркада және каноэде есу спорт түрлері бойынша ұйымдастырылады.
Биылғы Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындары ҚР Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру, ұлттық құрама команданы жасақтау және халықаралық жарыстарға, оның ішінде 2025 жылы Бахрейнде өтетін жастар арасындағы жазғы Азия ойындарына дайындық аясында өткізілуде.
Сондай-ақ министр Түркістан облысына сапары барысында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің аумағында орналасқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралап көрді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<