Түрмедегілер өзге қалаға, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр

414

0

Фото: Батыс Қазақстан облысы

Жайық өзенінің жоғары бастауынан келетін тасқын су Батыс Қазақстан облысы аумағына бірер күнде келіп жетеді. Мамандардың айтуынша, өзен бойындағы 84 елді мекен тұрғындарына қауіп төніп тұр, деп хабарлады Еgemen.kz.

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері Нұржан Төлеуіштің айтуынша, өңірде Бөрлі ауданының – 9, Бәйтерек ауданының – 20, Теректі ауданының – 19, Ақжайық ауданының – 32 елді мекеніне, Орал қаласының 4 ауданына нақты қауіп бар.

Жайық өзенінің суы қарқынды көтеріліп жатыр, қауіпті деңгейге жетуі жақын. Барлық күш-құрал қазір өзен бойында, тасқынның алдын алуға жұмылдырылған. Оралға еліміздің 7 облысынан көмек келіп, жоғарыдағы елдімекендерге бөлінген.

«Қазір геодезистер жұмыс істеп жатыр, қаланың төмен орналасқан аудандарын анықтап, халықты көшіріп жатыр», деді төтеншеліктер өкілі.

Сәуірдің 15-і күні Жайық өзені жағалауында орналасқан бірнеше елдімекенге эвакуация жарияланды. Ең алдымен балалар мен аналар, қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар қауіпті аймақтан шығу, үй жануарларын уақытша көшіру ескертіліп жатыр. Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов та: «Өзен жайылмасындағы елді мекендер мен саяжай үйлерін су басу қаупі жоғары. Әсіресе Орал қаласының Курени, Старица, Коминтерн, Самал, Жас натуралистер стансасы, облыстық аурухана аумағында тұратын халыққа эвакуация істеуіміз қажет. Өзіңіздің және жақын адамдарыңыздың өмірін қауіпке тікпей, шұғыл түрде ағайын-бауырларыңызға, достарыңыздың үйіне орналасыңыз. Уақытша баратын үй болмаса, Орал қаласындағы эвакуациялық орталықтардың біріне келіңіз», деп хабарлады.

Түрмедегілер өзге қалаға, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр

Тасқын қаупіне байланысты Орал қаласында су басу қаупі төнген №27 мекемесінде жазасын өтеушілер шұғыл түрде өзге өңірлерге – Ақтөбе, Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларына көшірілген.

Мамандардың айтуынша, Ресей Федерациясынан судың мол көлемі 1-2 күнде Орал қаласына жетеді. Қауіпті деңгей 8,5 метр болса, қазірдің өзінде Жайықтың деңгейі 8 метрге жуықтап қалды. Су тасқынына қарсы жұмысқа жергілікті атқарушы органның және төтенше жағдай қызметінің барлық ресурсы тартылған. Қазір 350 арнайы техника, 2000-ға жуық адам тасқынға тосқауыл қоюға жұмылды. Сондай-ақ өзге өңірлерден, облысымыздың аудандарынан келген әскери қызметшілер, төтеншеліктер және еріктілер бұл жұмысқа белсене атсалысып жатыр.

Орал қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі қазір өңірде Қарағанды, Қызылорда, Шымкент қалаларынан келген 1000-ға жуық ұландық сарбаз бен 40-тан астам техника жүргенін хабарлады.

Сарбаздар ел басына күн туған сәтте ойланбастан көмекке ұмтылып, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп жатыр. 14 сәуір күні Орал қаласы маныңдағы елді мекен тұрғындарын эвакуациялау барысында 30-ға жуық адам отырған жүк көлігі тасқын судың ортасында қалып қойды. Сол жерде кезекшілікте тұрған Ұлттық ұлан 5517 әскери бөлімінің қызметкері Мәулен Мәрленов жедел қимылдады. Өзінің жүк көлігімен топан судың ортасына қойып кетіп, батып қалған көлікті қауіпсіз жерге сүйреп шығарды. Мұндай оқиға көп.

Түрмедегілер өзге қалаға, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр

Сәуірдің 15-інен бастап Жайық өзенінің жағалауында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының және Орал қаласының орта білім беру, кәсіптік-техникалық және қосымша білім беру ұйымдары қашықтан оқуға көшкенін хабарлаған едік. Бұл бастамаға Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университеті де қосылып, студенттерді еріктілер қатарына қосылуға шақырды.

Бұл күндері Орал қаласында барлық күш, барлық ниет тасқын судың алдын алуға бағытталып жатыр. Облыс орталығындағы орталық мешітте жамағат топан судың қайтып, халық зардап шекпесін деген ниетпен «Қажет намазын» оқыды. Намаз алдында өңірдің бас имамы Самат Әлібаев жамағатты бірлікке шақырып, тасқынның алдын алуға бір кісідей жұмылуға шақырды.

Батыс Қазақстандағы алапат су тасқынының бетін қайтаруға еліміздің 7 облысынан көмек келді дегенбіз. Осы күндері Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қала маңындағы саяжай алаптарынан тұрғындар мен үй жануарларын тәулік бойы қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.

Түрмедегілер өзге қалаға, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр

Кеше Алматы облысынан келген 150-ден астам техника, оның ішінде тиеу, инженерлік, жүк және су таситын техникалары және моторлы қайықтар тиісті жерге жөнелтілді. Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысының ТЖД құтқарушылары Теректі ауданы Тоқпай ауылында жағалауды нығайтып жатса, Қызылорда облысынан келген төтеншеліктер тобы Орал қаласындағы Жайық өзенінің жағалауын көтеріп жатыр. Ал ТЖМ-ның 52859 әскери бөлімі сарбаздары осы сағатта Бәйтерек ауданына қарасты Январцев елді мекенінде жүр. Айта кетейік, Ресей аймағынан келе жатқан алапат тасқынды алғаш қарсы алатын да осылар.

Облыста жарияланған төтенше жағдайға байланысты су тасқынынан зардап шеккендерге арнап 28 наурыз – 15 сәуір аралығында «Ақжайық» қорының есеп шотына 146.656.993 теңге қаражат түсіпті.

Өңірде су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек жасалып жатыр. Жергілікті бюджет есебінен 677 отбасыға біржолғы әлеуметтік көмек ретінде 125 млн теңге қаржы төленген.

Сәуірдің 15-і күні Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қаласындағы ҚХА өкілдері мен еріктілерінен «Жүректен-жүрекке» республикалық жобасы аясында кезекті гуманитарлық көмек керуені келіп жетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<