Сыр елінің өсіп-өркендеу жолында өшпес із қалдырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың туғанына 100 жыл толуына орай тағылымы мол, мәні терең кездесу өтті. М.Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық-IT жоғары колледжінде ұйымдастырылған «Еңбегін ел мүддесіне арнаған» атты танымдық шара ел тарихында есімі құрметпен аталатын тұлғаның өмір жолын, елге сіңірген еңбегін жас ұрпаққа кеңінен танытуға бағытталды.
Шарада архив қорында сақталған құнды құжаттар, тарихи деректер мен сирек материалдар негізінде жылжымалы көрме, көпшілік назарына қайраткердің өмірі мен еңбек жолын айшықтайтын тың мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар, жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы Мұстақым Ықсанов тұлғасын таныстыру тәсілі де көрерменнің ерекше қызығушылығын оятты. Бұл тарих пен технологияның тоғысқан тұсы, өткенді жаңа форматта дәріптеудің жарқын көрінісі болды.
Кездесуде зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ардагерлер Мұстақым Біләлұлының ел басқарудағы көрегендігін, іскерлігін, адами биік болмысын еске алды. Олардың естеліктерінен қайраткердің қайсар мінезі, елдік мүддені бәрінен биік қойған азаматтық ұстанымы, халыққа жақын болған парасатты тұлғасы анық аңғарылды. Әсіресе, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі, ауыл шаруашылығы мен күріш өндірісін өркендетудегі тарихи рөлі, жаңа бастамаларға жол ашқан ұйымдастырушылық қабілеті кеңінен сөз болды.

Колледж ұстаздары мен білім алушылары да белсенділік танытып, арнау өлеңдер оқып, тұлға рухына тағзым етті. Жыр жолдары мен тағылымды ойлар кездесудің мазмұнын тереңдете түсті. Бұл тек еске алу емес, ұлтқа қызмет еткен азаматтың ғұмырын ұрпақ санасына сіңіру, өнегелі жолын кейінгі буынға үлгі ету бағытындағы маңызды қадам болды.
М.Ықсанов – Қызылорда өңірінің ғана емес, тұтас қазақ елінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалардың бірі. Жастайынан жауапты қызметтерге араласып, небәрі 36 жасында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне келуі – оның қабілеті мен қарымын айқын танытқан тарихи сәттердің бірі. Ол басқарған кезеңде Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы қарқын алып, инженерлік жүйелер жаңартылып, егіс алқаптары игеріліп, күріш шаруашылығы жаңа деңгейге көтерілді. Соның нәтижесінде Қызылорда облысы күріш өндіру саласында Одақ көлеміне танылған аймаққа айналды.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді қазақ. Мұстақым Ықсановтай ел үшін аянбай еңбек еткен арда азаматтың есімі де, еңбегі де халық жадында мәңгі сақталары анық. Тағылымды кездесу сол құрметтің, тағзымның, елдік рухтың жарқын көрінісі іспетті.
Бағлан АМАНЖОЛ
«Сыр бойы»





