Облыстық мәслихат депутаты, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Бауыржан Сандыбаевтың төрағалығымен сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық мәслихат депутаттары, облыс бойынша тексеру, сондай-ақ сайлау комиссияларының төрағалары, тиісті басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 19 мәселе қаралды.
Бірлескен отырыста күн тәртібіндегі «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу»; «облыстық және аудандық бюджеттер, облыстық маңызы бар қала бюджеті арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы»; «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы»; сондай-ақ, «Қызылорда облысы Қызылорда қаласының аумағын көгалдандыру және абаттандыру» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы шешіміне өзгеріс енгізу»; «Қызылорданың жасыл белдеуі» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы шешімін жойылды деп тану» мәселелері бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек баяндама жасап, бірлескен отырыс алдындағы тұрақты комиссия отырыстарында депутаттар тарапынан көтерілген ұсыныстарға жан-жақты тоқталып, қолдау тапқан мәселелерді атап өтті.
Отырыс барысында туындаған қосымша сұрақтарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов және басқарма басшысы Сәкен Мырзабек толыққанды жауап берді.
Күн тәртібіндегі облыстық және аудандық бюджеттер, облыстық маңызы бар қала бюджеті арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы мәселеге сәйкес облыстық мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының бекіткен кестесіне сәйкес, қала, аудан әкімдерінің сала орынбасарларының қатысуымен жеке-жеке талқылаулар өткізілген болатын. Сонымен бірге, 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы мәселе бойынша да комиссияның бекіткен кестесіне сәйкес, әрбір бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қатысуымен талқылаулар ұйымдастырылып, ұсыныстар жан-жақты пысықталды. Соған сәйкес, атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша комиссия төрағасы, депутат Балжан Шәменова толықтырылған қосымша баяндама жасап, талқылаулар қорытындысын депутаттардың назарына жеткізді.
Сондай-ақ, бірлескен отырыста күн тәртібіндегі өзге де мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды.
Отырыс соңында депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, күн тәртібіне ұсынылған 19 мәселенің барлығы бірауыздан мақұлданып, шешім жобасы сессия қарауына жіберілді.
Қызылорда облыстық мәслихаты






