Тұрақты қуат көзі – әлеуетті мемлекет негізі

10

0

Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен салтанатты жиында энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп жатқанын атап өтті. 

– Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына назар аударып, экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріліп отырғанын алға тартты. Атап өтілгендей, елімізде заманауи өндіріс орындары ашылып жатыр. Еліміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс.

– Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа «дата-орталықтар» салынады, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазір осы бағытта атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды.

– Cоңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты. Бұл Қарағанды облысы сияқты өндірісі өркендеген аймақтың бір жылдағы қуат тұтыну көлемімен бірдей. Қазіргі кезде Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 237 электр станциясы кіреді. Ал іс жүзінде қолданыстағы жалпы қуат көлемі – 21 гигаватт. Мемлекет жүргізіп отырған жүйелі шаралардың арқасында энергия нысандары мен инженерлік-коммуналдық желілердің орнықтылығы айтарлықтай күшейді. Өткен жылғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды. Тоғыз жылу электр орталығы тәуекелдің «қызыл» аймағынан шықты, ал үш станция «жасыл» аймаққа өтті, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент инфрақұрылымды қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылғанын еске салып, нәтижесінде үш жыл ішінде тек кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылғанын атап өтті. Мемлекет басшысы нақтылай түскендей, ендігі жерде бұл жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу керек.

– Алдымызда сенімді әрі заманауи энер­гетика инфрақұрылымын қалыптастырып, экономиканың дамуына тиісті жағдай жасау міндеті тұр. Осы орайда Үкімет «Энер­гетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыра бастады. Оның аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін ұдайы арттыру міндеті жүктелді. Бұл – Қазақстанның экономикалық дамуын одан әрі табысты жүзеге асыру үшін аса маңызды. Еліміз экспорттық әлеуеті зор энергетикалық державаға айналуы керек, – деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайту – басым­дыққа ие міндет.

– Биыл батыс аймақтардың электр желісін күшейтетін бірегей жоба аяқталады. Бұл жоба Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының энергетикалық тораптарын біріктіреді. Енді осы тораптарды бірыңғай ұлттық энергетика жүйесіне жалғау қажет. Елімізде басқа да ірі жобалар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, Екібастұздағы екінші ГРЭС-те жаңа энергоблоктар салынады. Сон­дай-ақ үшінші ГРЭС-тің құрылысы бастал­мақ. Бұл нысандар еліміздегі энергетика жетіспеушілігін жоюға тиіс. 2026 жылы Алматыдағы электр станцияларын жаңғырту – Үкімет пен әкімдік алдында тұрған маңызды мақсат. Сол арқылы ауаның ластану деңгейін төмендетіп, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту қажет. Бұған қоса, келесі жылы Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғысы бар электр станцияларын толық іске қосу керек. Біз 2035 жылға дейін 26 гигаваттан астам қуат көзін өндіретін нысандарды іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның табиғи ресурстары мен өндірістік әлеуеті электр қуатын өзге елдерден сатып алмауға негіз болуы тиіс. Осындай пікір келтірген Мемлекет басшысы еліміз энергетикалық мүмкіндікті барынша тиімді пайдалана білу қажеттігін алға тартты.

– Түптеп келгенде, бұл – ұлттық қауіп­сіздік мәселесі. Бұдан бөлек, еліміздің зор энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан – көмірге бай ел. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн. Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсеміз. Бұдан бөлек, Курчатов қаласында жылу-электр стан­циясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қала­ларында жылу-электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек. Шындығын айтсақ, бұл жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кетті. Енді әрі қарай күтуге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да тиісті жағдайда көңіл бөліп отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы: – Еліміздегі көмір қоры – шамамен 33 миллиард тонна. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамытуға баса назар аударып отырмыз. Соңғы 5 жылда осы салаға 2,5 мил­лиард долларға жуық инвестиция салынды. Соның нәтижесінде энергетика секторындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесі 7 пайыздан асты. Экологиялық тұрғыдан таза энергия өндірісін одан әрі дамыту үшін әлемдік ең үздік компаниялармен әріптестік орнаттық, – деді.

Сондай-ақ, Президент бүгінгі әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, атом станциясының құры­лысын бастау туралы стратегиялық шешімнің маңызына тоқталды. Бұл болашақта еліміздің энергетикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, экономикамызды қайта құруға ықпал етеді.

– Балқаш атом электр станциясының құрылысы, одан кейінгі салынатын екінші АЭС Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ ядролық энергетика сияқты маңызды салада жаңа бағыттардың дамуына септігін тигізетін болады. Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіреді. Жалпы, дүние жүзінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің энергетика саласына ықпал ететіні сөзсіз. Әлемде қуат көздеріне қызу тартыс жүріп жатыр десек, артық болмайды. Бұған сақадай сай дайын болғанымыз жөн. Мемлекет энергетика мамандарының жаңа буынын даярлап, осы саланың әлеуетін арттыра береді. Бірақ азаматтарымыз да бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы керек. Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Соның бәрін үнемдеп, ақылмен пайдаланған абзал. Жалпы, бұл – тұтас экономикаға ортақ талап. Ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Халқымыз «Үнем­шілдік – ырыстың кілті» деп бекер айт­паған. Біз осы қасиетті ұлттық дағдымыз етіп, қоғамда мүлдем жаңа мәдениет қалып­тастыруымыз керек. Сіздердің қажырлы қызметтеріңіз – еліміздің энергетикалық дербестігінің мызғымас кепілі. Әділетті, Таза, Қуатты Қазақстанда өздеріңіз сияқты еңбек адамдары ең жоғары сый-құрметке лайық, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты сәтте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетика саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.

Қ.ӘБІШ