Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудегі мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиында қала аумағындағы тұрғын үй құрылысының қарқыны, кезекте тұрған азаматтардың жағдайы, тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы тұрғын үйлерді белгіленген мерзімде әрі сапалы етіп салуды, мердігер мекемелер жұмысын тұрақты бақылауды міндеттеді.
Сондай-ақ, үй кезегінде тұрған азаматтардың деректерін нақтылап, ашықтықты қамтамасыз ету, әлеуметтік жағынан осал топтарға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Инженерлік-коммуникациялық желілерді уақытылы жүргізуді, жаңа тұрғын үйлерді пайдалануға беру мерзімін кешіктірмеуді қатаң тапсырды.
«Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүруі керек. Барлық жоба белгіленген мерзімде аяқталып, қаражат мақсатты жұмсалуы тиіс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Еске салайық, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер, кейінгі 3 жылда барлық ауданда алғаш рет жаңадан 1800-ге жуық пәтер табысталды.
Өткен жылы 2 477 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 36 млрд. теңге қаралса, биыл кезекте тұрған азаматтарға 2 400 пәтер табыстау үшін 55 млрд. 600 млн. теңге жоспарланған.
Соңғы жылдары қаламызда заманауи жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






