Өмір керуені тоқтаусыз алға жылжи береді. Сол зулаған күндер мен жылыстаған жылдар жетегінде әркім соңына әртүрлі із қалдырады. Саналы ғұмырында туған жеріне ту тігіп, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Солардың бірі – салық саласының ардагері, қаржыгер Қалдыбек Сүлейменов. Ол – ішкі қуаты, білімі, қабілеті үлкен қалада, қаймақты ортада қаймықпай жүруге жеткенімен, маңдай терін туған жер, өскен елін түлетуге төгуді бәрінен биік қойған азамат. Елде жүріп-ақ еңбегімен танылды, жақсы істердің басы-қасынан табылды.
Қалдыбек Сүлейменов 1955 жылы 23 қазанда Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Ақжар ауылындағы №28 орта мектеп табалдырығын аттап, оны 1972 жылы бітіріп шыққан. Сол жылы Қармақшы ауданындағы Ленин атындағы (қазіргі Тұрмағанбет ауылы) совхозға жұмысшы болып қабылданды. 1973 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың «Еңбек Қызыл Ту» орденді Ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түсті. Институтты 1979 жылы бітіріп, ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы-экономист мамандығын алып шықты. Сол жылы жолдамамен туған жері – Қармақшы ауданына келіп, «Ленин» совхозындағы машина-трактор жөндеу шеберханасына техник-нормировщик болып жұмысқа қабылданды. Көп ұзамай аудандық партия комитетінің келісімімен «Энгельс» колхозына бас экономист қызметіне тағайындалып, осы қызметті 1987 жылға дейін абыроймен атқарды.
1987 жылы облыстық агроөнеркәсіп комитетінің шақыруымен аталған комитеттің «еңбекті ұйымдастыру және ақы төлеу» бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. 1989 жылы «Энгельс» колхоз басқармасының ұсынысымен осы колхозға бас экономист болды. Осы қызметті 1993 жылдың тамыз айына дейін атқарды. Сол уақыттан бастап Қармақшы ауданы әкімінің ұсынысымен аудандық салық инспекциясының бастығы лауазымына кірісті. 1997 жылы құрылымдағы өзгерістерге байланысты Қармақшы ауданы бойынша салық бөлімінің бастығы қызметіне қайта тағайындалды. 1998 жылы құрылымдық өзгеріске сәйкес Қармақшы ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы болды, осы қызметті 2007 жылдың сәуір айына дейін атқарды. Нақтырақ айтқанда, ол 14 жыл Қармақшы ауданының салық саласында басшылық қызметте болды.
2007 жылы сәуір айында Жалағаш ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы лауазымына ауысу тәртібімен тағайындалды. Ал 2008 жылы құрылымдағы өзгерістерге байланысты Жалағаш ауданы бойынша салық басқармасының басшысы қызметіне кірісіп, оны 2012 жылдың мамыр айына дейін атқарды. Осылайша ол Жалағаш ауданында 5 жыл салық саласында басшылық қызмет жасады.
2012 жылдың мамыр айынан ауысу тәртібімен Қармақшы ауданы бойынша салық басқармасының, 2014 жылы құрылымдық өзгерістерге байланысты аудандағы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы болды. Осы қызметті 2018 жылдың қазан айына дейін атқарып, зейнет демалысына шықты.
Қалдыбек Сүлейменов салық саласында басшылықта жүрген 25 жыл ішінде өзінің терең білімімен, қарым-қабілетімен, ұйымдастырушылық, іскерлік қырымен, кәсібіне деген адалдығымен, адамгершілік биік қасиетімен абыройға кенеліп, сый-құрметке бөленді.
Екі рет қаржы, бір рет кірістер министрлігінің, екі рет Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды, 2008 жылы Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Құрмет грамотасы табысталса, 2011 жылы «Салық қызметінің үздігі» төсбелгісімен, 2018 жылы мемлекеттік кірістер органдарында ұзақ және жемісті еңбегі үшін «Мемлекеттік кірістер қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2019 жылы Қармақшы ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
Жұбайы Нағима Абаханова Батыс Қазақстан облысының тумасы. Екеуі институтта бес жыл бір группада оқып, 1979 жылы бесінші курста жүргенде отбасын құрды.
Ер адамның қызметте жоғарылап, отбасында, ағайын-туыс арасында сыйлы болуы, шаңырақтың береке-бірлігі жұбайына байланысты екені сөзсіз. Бұл орайда Қалдыбек ағаны бақытты жан деп айтсақ, артық емес. Өйткені жары Нағима апай – жолдасының әрдайым қолдаушысы, шаңырақтың ынтымағы мен берекесін ұйытқан, ағайынның ауызбірлігін жоғары қоятын отанасы. Ол институтта оқып жүргенде-ақ өзінің белсенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Оқу тобында староста, факультеттің комсомол комитетінің хатшысы болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен Қармақшы ауданындағы Ленин атындағы совхозға экономист болып жұмысқа қабылданды. 1981 жылы «Энгельс» колхозында аға бухгалтер болып орналасып, осы қызметті 1993 жылға дейін атқарды. 1993 жылдан Қармақшы ауданындағы денсаулық сақтау бөліміне экономист-бухгалтер болып қызметке орналасып, 2007 жылға дейін еңбек етті. 2007-2012 жылдары Жалағаш ауданында жерге орналастыру бөлімінде бас есепші, 2012-2018 жылдары Қармақшы ауданындағы орталық ауруханада бас экономист қызметінде болды. Қандай жұмысты болсын жоғары дәрежеде ұйымдастыратындықтан, ағайындары оған «Генерал келін» деп ат берді.
Қалдыбек аға мен Нағима апай 4 бала тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары білімді, бүгінде түрлі салада абыройлы қызмет етуде. Атап айтқанда, үлкен қызы Роза медицина ғылымының кандидаты, профессор, Астана қаласындағы медициналық университетте кафедра меңгерушісі. Жолдасы Азамат полковник Қорғаныс министрлігінде бөлім басшысы. Ұлы Нұржан жоғары білімді заңгер-экономист, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде басқарма басшысы. Жұбайы Жазира жоғары білімді заңгер-экономист, Қызылорда облысы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы.
Қызы Жанна – экономика ғылымының магистрі, Астана қаласында мемлекеттік кәсіпорында бөлім басшысы. Жолдасы Нұржан жоғары білімді инженер, құрылыс компаниясының Ақтау қаласындағы бөлімше директоры. Кенже қызы Ақбота жоғары білімді инженер, Астана қаласында «Каспий Нефть» компаниясында бас маман. Жолдасы Арман Астана қаласындағы хоккей клубының директоры.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты ата-ана немерелерінің сүйікті ата-әжесі. Зейнетке шықса да Қалдыбек аға қол қусырып қарап отырған жоқ. Өзінен кейінгі жас қаржыгер інілеріне білгенін үйретіп, ақыл-кеңес беруден жалыққан емес.
– Қызылорда облыстық агроөнеркәсіп комитетінде жұмыс істеп жүргенімде мал шаруашылығында (қой шаруашылығы) еңбекті ұйымдастыру, еңбекке ақы төлеудің озық тәжірибесін зерттеп үйрену мақсатында Ресейдегі Дағыстан автономиялық республикасының бір колхозына делегацияны басқарып бардым. Сондағы қой өсіретін колхоз кейінгі үш жылда басқарма төрағасы Шартаевтың іскерлігімен таза табысы 1 млн сомнан асқан. Басты жетістігі – әрбір өндірістік бөлімдерге шаруашылық есепті енгізген. Шартаев Мәскеу қаласында болған бүкілодақтық агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайлы кеңесте (М.Горбачевтың қатысуымен) өз тәжірибесін айтқан. Сол кеңеске облыстық коммунистік партияның бірінші хатшысы Е.Әуелбеков қатысқан. Кеңестен кейін Дағыстандағы колхоз тәжірибесін зерттеуге тапсырма беріліп, сол тәжірибені облыста енгізуге көмек көрсететін топ құрылды. Облыста жаппай осы бағытта жұмыстар қарқынды жүргізілді.
1989 жылы Қармақшы ауданындағы «Энгельс» колхозына бас экономист қызметіне тағайындалдым. Шаруашылыққа барысымен басқарма төрағасы Болатбек Сүлейменов ағамыздың басшылығымен барлық өндірістік бөлімдерді шаруашылық есепке көшіріп, өзара есеп айырысудың чектік формасын бекітіп енгіздік. Бұл еңбекке ақы төлеу, оны ұйымдастырудың озық әдісі өз нәтижесін беріп, екі жылда колхоз миллионер шаруашылыққа айналды.
Жалпы Нағима екеуміз осы колхозда Болатбек ағамызбен қызметтес, Әмида апаймен бірге болған кездерді өміріміздегі ерекше ұмытылмайтын уақыт деп есептейміз. Болатбек Сүлейменов – өндірістегі ұстазым. Ол кісі колхоз басқарудың озық тәсілдерін енгізді, мамандардың беделін көтерді, қандай бір жұмыс айтылса оны зерттеп, тиімдісін шарушылыққа пайдаланды. «Қалдыбек, осы екі жағдайды есіңе сақта. Қазақтың мынадай даналық сөзі бар: «Қыдырып ішкен тамақтың кенеуі болмайды, қыдырып айтқан биліктің елеуі болмайды» билікті басшы өз орнында отырғанда ғана айту керек. Екінші, дауды дабырмен емес, сабырмен шешу керек. Қандай мәселені де талдап, зерттеп, мамандардың пікірін тыңдап шешім қабылдау керек» дейтін еді Болатбек ағамыз, – деді Қалдыбек Сүлейменов өткен күндерді еске алып.
– Салық саласындағы бірінші басшым Дайрабай ағамыздың орны ерекше. Мен Дәкең ағамыздан көп нәрсе үйрендім, менің салық саласындағы ұстазым. Біздің ауданға көп қамқорлық жасады. Біріншіден, аудан әкімшілігінен әкімшілік үйінің ғимаратын алып, оны толық күрделі жөндеуден өткізіп берді, заман талабына сай техникалық құралдармен қамтамасыз етті. Қандай бір ұсыныс айтылса, соны зерттеп, орындалуына көмек көрсететін. Әсіресе Байқоңыр қаласымен арадағы мәселелерді жоғары органдарға мерзімді жеткізіп шешімін табуға көп септігі тиді. Осы салық саласында басшылық қызметте жүргенде 8 әкіммен, 6 департамент басшысымен қызметтес болыппын. Барлығы кезінде жұмыс істеуімізге бағыт-бағдар беріп, қамқорлық жасап, көмек көрсетті, – дейді қаржыгер тағы бір сөзінде.
Қалдыбек Сүлейменов бүгінде жетпістің желкенін керіп, өмір атты алып айдында жұбайы Нағима апаймен, ұл-қыздары, немерелерімен бірге бақытты ғұмыр кешуде. Туған жерге ту тігіп, өскен өлкесін өркендетуге үлес қосқан ел ағасының өнегесі – осы.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





