Тың мәлімет анықталды

718

0

Қызылорда облысындағы ортағасырлық Жанкент қаласының орнына 2014 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан археологиялық қазба жұмыстары биыл да жалғасты. Зерттеушілер жаратылыстану ғылымдары әдістерін қолданып, Жанкенттің абсолюттік жасын анықтады. Бұған дейінгі деректерде көне қаланың ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергені айтылса, жаңа зерттеулер шаһардың іргетасы VІІ ғасырда қаланғанын көрсетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында айтылды.

– Қазба жұмыстарының нәтижесімен әртүрлі кезеңдермен мерзімделетін тұрғын үйлердің орындары, маңызды құрылыс нысандары, қыш, құмыра күйдіретін пештер, кесенелер табылды. Бұл нысандар консервацияланды. Қыш құмыралар, сүйектен, қыштан дайындалған бұйымдар, керамикалық ыдыстар секілді бірқатар заттар да кездесті. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде консервацияланған бір бөлменің композициясы жасақталып, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін, тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалды, – деді баспасөз конференциясы барысында Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерқазы Алданазаров.

2018-2019 жылдары және биыл қалашыққа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы (Ресей Федерациясы) этнология және антропология институты мен Тюбинген (Германия) университетінің әріптестік бірлескен үш жылдық жобасы аясында (Германияның неміс гуманитарлық зерттеулер қорының қаржыландыруымен) археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмыстары цитадельде, шахристандағы тұрғын үй орындары, геофизикалық зерттеулер, топырақ құрамын анықтау, аршылған нысандардың сызбасын сызу жұмыстары атқарылды.

– Ескерткіш бүгінде төрт жерден қазылып, археологтар заманауи инновациялық құрал-жабдықтардың көмегімен зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Табылған жәдігерлер археологиялық зерттеулер зертханасында өңделіп, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына беріледі, – деді жоба жетекшісі, археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев.

Баспасөз конференциясы аясында Н.Н.Михлуко-Маклай атындағы этнология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Аржанцева Германиядағы Тюбинген университетінің профессоры, археология ғылымдарының докторы Генрих Харке қазба жұмыстары кезінде табылған заттардың құндылығы мен тарихи ерекшелігіне тоқталды. Алдағы уақытта қаржылық қолдау болса, қазба жұмыстары дайын екенін әрі Жанкент қалашығындағы қазба жұмыстарына ынтасы мен қызығушылығы жоғары екенін айтты.

Бүгінде тарихи қалашықтағы археологиялық қазба жұмыстарына 35 ғалым қатысып, жобаның жалғасуына барынша үлес қосуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<