Уақытша шектеу қойылды

786

0

Уақытша шектеу қойылды Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жүктемесі 8 тоннадан асатын көлік құралдарына уақытша шектеу енгізілмек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов хабарлады.

– Жол желілерінің сақталуын қамтамасыз ету шаралары автокөліктерге көктем және жаз мезгілінде шектеу енгізуді талап етеді. Себебі, климаттық ерекшелік – жол бойындағы қозғалыс жағдайына, жұмыс режиміне тікелей әсер ететін фактордың бірі. Мәселен, қыс мезгілінен көктемге ауысу кезеңіндегі 0-15 градус аралығында жол желісі жұмсарып, ауыр салмақты көліктердің қозғалысына төтеп беру күшінен айырылады. Осыған қарап 40-50 тонна жүк тасымалдайтын көліктердің келтіретін зиянын бағамдауға болады. Айта кету керек, мұндай шектеулер жыл сайын енгізіледі және бұл тәжірибе ауа райы ұқсас өзге елдерде де қолданылады. V жол-климаттық аймаққа жататындықтан, бізде көктемгі шектеу 1 наурыздан 1 сәуірге дейін жүргізіледі. Өткен жылы шектеу бойынша бірқатар түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды. Дегенмен, заң талаптарын  аттаған 177 жеке және заңды тұлға анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді инспекция басшысы.

Жиында халықаралық келісімдерге сәйкес төтенше жағдайларды жою және алдын-алу жөніндегі шараларды жүзеге асыратын, тез бұзылатын тауарлармен, дәрі-дәрмек тасымалымен айналысатын автомобильдерге шектеу қойылмайтыны айтылды. Сонымен қатар инспекция көктемгі шектеу кезіндегі заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында «Жолда қабылдау» акциясын ұйымдастырды. Науқан 1-3 наурыз аралығында Самара – Шымкент тас жолының 1835 шақырымындағы Бірқазан кентінің маңында өтеді.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<