Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапарында тағы бірқатар кездесулер өткізді. Франция Президенті Эммануэль Макронмен екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйін талқылады.
Қазақстан Президенті Франция еліміздің Еуропа Одағындағы басты әрі сенімді серіктесі саналатынын атап өтті. Кездесуде осыған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар түрлі салада, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау бағыттарында айтарлықтай табысты іске асырылып жатқаны айтылды. Әрине, екі ел арасында мәдени-гуманитарлық байланыстар жемісті дамып келеді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Финляндия Президенті Александр Стубб екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Қазақстан Президенті жоғары деңгейдегі жемісті саяси диалог екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруда маңызды рөл атқаратынына тоқталып, Финляндия басшысының Қазақстанға жасайтын алдағы сапары қос елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық әлеуетін танытуға ықпал ететініне сенімді екенін айтты.
Кездесуде әлемдегі қазіргі геосаяси ахуалға баса мән берілді.
Мемлекет басшысының Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесуі де маңызды пікірлестікке құрылды. Президент Бельгиямен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін айтып, бұл ел Қазақстанның ең ірі он инвесторының қатарына кіретініне назар аударды. Оның бір дәлелі былтыр екіжақты тауар айналымы жарты миллиард долларға жуықтаған.
Әңгімелесу барысында экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға зор әлеует бар екені атап өтілді. Мұнда әсіресе, аса маңызды минералдарды игеру, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік-логистика, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларындағы серіктестікке мүмкіндік мол.
Барт де Вевер екіжақты күн тәртібін талқылауға уақыт тапқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, Король Филипптің ізгі тілегін жеткізді.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында өткен тағы бір маңызды жиын – ҚХР-дың жаһандық даму және жаһандық басқару саласындағы бастамалары бойынша жоғары деңгейдегі кеңес. Бұл іс-шара «Жаһандық дамудың жарқын келешегін бірлесе құру, бастапқы ұмтылыстарға адалдық» тақырыбына арналды. Кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы аса маңызды әрі дер кезінде ұйымдастырылған жиын үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді.
– Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің көреген басшылығы мен анағұрлым әділ, инклюзивті әрі тиімді халықаралық ынтымақтастық орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Осы орайда Қазақстан геосаяси және экономикалық сын-қатерлерге жауап беретін Қытайдың жаһандық бастамасын толығымен құптайды, – деді Президент.
Бұдан кейін Орнықты даму мақсаттарына тезірек жетуге ықпал ететін Жаһандық даму бастамасына (Global Development Initiative) еліміздің қолдау көрсететінін жеткізді.
– Бұл ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Тяньцзинде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіндегі Қытайдың кейінгі стратегиялық ұсынысына – Жаһандық басқару бастамасына (Global Governance Initiative) сай келеді. Аталған бастама тұрлаусыз әлемге оң әсер етіп, көптеген елдің мақсат-мұратын айқын жеткізуіне көмектеседі. Осы ретте негізгі рөлді Біріккен Ұлттар Ұйымы атқаратын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл бастама егемендік теңдігін қамтамасыз ету, халықаралық құқық үстемдігі, көпжақты институттарды нығайту, сондай-ақ адамдардың игілігі мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлемдік тәртіпті ілгерілету секілді өзекті мәселелердің шешімін ұсынады.
– Жаһандық басқару бастамасы, ең алдымен, цифрлық технологияға, қауіпсіз киберкеңістікке және ғарыш кеңістігіне әділ қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл нормативтік-құқықтық база мен жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық стандарттарын әзірлеу тұрғысынан өте өзекті. Осы орайда Қазақстан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру жөніндегі ұсынысын қолдайды, – деді Президент.
Сондай-ақ Жаһандық басқару бастамасы 150-ден астам ел қосылған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының міндеттерімен үндес екенін және оны жүзеге асыру аясындағы ынтымақтастық БҰҰ-ның негізгі мақсаттарына жетуге септігін тигізетінін атап өтті.
Қ.ӘБІШ





