Үй сыртына қызыл шүберек байлау дұрыс па?

734

0

Ғалымдар көз тию деген құбылыс көзден шығатын теріс, жағымсыз энергияның әсері мен адамның күдік алып қалған уақыттағы ішкі уытының өз денсаулығын қатты жарақаттауы дейді. Яғни, қандай да бір адамның қызғанышынан, шамадан тыс сүйсінгенінен, назарының түбегейлі ауып кеткенінен пайда болатын құбылыс ретінде бағалайды. Ал, көз көру деген – жанардан шыққан көру сәулесі белгілі бір нүктеге тиіп, қайтадан миға сигнал беруі деп түсіндіреді. Сол көру сәулесімен бірге жағымсыз күштердің де қоса бара алатынын түрлі аппараттармен анықтаған зерттеушілер. Егер жағымсыз энергия сол жерде қалып қойса, оған міндетті түрде залал келтіреді екен. Психологтар болса «бұл психологиялық қабылдаудың әсерінен болатын құбылыс» деп түсіндіреді. Халық арасында айрықша беделге ие емшілер мен экстрасенстер де көз тиюдің құпиясы мен себеп-салдарын осылай болжауда. Қалай болғанда да бір тылсымның бар екені ақиқат. Тіпті, діни және дінсіз раеалистердің өзі мұны мойындайды.

Ал, енді бұдан қорғану үшін әр ел өздерінше ырымдар жасайды. Соның бірі қазіргі біздің қызыл шүберек ілу ырымымыз. Себебі, қызыл шүберек көз тиюден қорғайды, әлгі айтқан көздің жағымсыз энергиясының күшін өзіне тартып алады немесе адамның назарын өзіне бұрғызады мыс. Мұны ғылым да жоққа шығарып отырған жоқ. Өйткені, қызыл түс көздің жағымсыз өрісін ұстап, қарып қалады деп топшылайды.

Негізі, қызыл шүберекті үй сыртына ілу, сұлу жылқыға байлау ырымының шығуына көптеген себептер ықпал етуі мүмкін. Мәселен, Сүлеймен пайғамбардың қызыл туы, Қытай халқының сенімі, аңшылардың айласы, қызылша ауруының белгісін білдіру мақсаты. Міне, осылардан өзек алып, кейін тылсым нанымға өтіп кетуі мүмкін. Олай болса осы қызыл шүберек ілудегі ықтималды әрекеттерді талдап өтейік.

Қызыл шүберекке қатысты Қытай халқының сенімі. Қытайда қызыл түс байлық пен дамудың белгісі ретінде ассоциацияланады. Қызыл түсті ерекше бағалап, психологиялық да тұрғыдан ым-ишара тілі ретінде қолданады. Яғни, қызыл түс айналасындағы қызғаныш атауын елемеу түсі деп қарайды. Сонымен қатар қызыл түс биіктіктің, менсінбеудің белгісі деп те түсінеді. Аспан асты елінде ертеректе билікке көтерілген, баю үстіне баии түскен адамдар шатырына қызыл шүберек іліп қоятын болған. Дұшпандарына мені жамандасаңдар да, күндесеңдер де мен сендерден жоғарымын деген басынуын осылай білдірген. Міне біздің ағайындарымыз да осыған ұқсап өз ойларын білдіру үшін іле ме, әлде Сүлеймен пайғамбарға қатысты қиссаға сүйеніп сақтықпен байлай ма? Олай болса Сүлеймен пайғамбарға қатысты да нұсқаны таразылап көріңіз.

Әлқисса Сүлеймен пайғамбар бір күні ұйқыға жатпақ болыпты дейді. Сол кезде үстіне Сүмәндүн деген жындардың басшысы кіріп келіпті. Бұған ашуланған пайғамбар «Мен демалғалы жатқанда неге келдің? Менің адамнан, аңнан қойған жасағымнан қалай өттің?» депті. Сонда Сүмәндүн «Мен байқамай қалдым. Адам мен аңға көрінбейтін қабілетім бар. Сол қабілетімді пайдаланып өтіп кетіппін» деп кешірім сұрайды. Сабасына түскен пайғамбар енді мұндай нәрсені қайталамауын талап етеді. Сол кезде Сүмәндүн «Уа, Алланың елшісі. Сіз ұйықтар алдында не бос болмай жатсаңыз шатырыңызда шатырыңыздың сыртына бір белгі беріп қойсаңыз» дейді. Мұны жөн көрген Сүлеймен «Мен ұйқыға жатардың алдында мәжіліс жасағанында, астанғанында шатырымның сыртына қызыл ту көтеремін» дейді.

Осы келісімнен кейін қай жерде қызыл ту көтеріліп тұрса, жындар ол үйге кірмеуші еді. Тіпті Сүлеймен дүниеден өтіп кетсе де жындар Қызыл жалауды көрсе Сүлеймен келіп қалыпты деп ол жерден алыс жүреді екен деп келеді қиссада. Бұның анығын Алла ғана біледі. Бірақ, ауыздан ауызға жеткен қиссаларда өте әлсіз бағасын алса да бұл бар. Сондықтан, қазақ осы бір аңызға сүйеніп үй сыртына қызыл шүберек ілді ме екен дейсің. Олай дейін десең мұны екінші қисса жоққа шығарады.

Сүлейменге Ақса мешітін салып бітіру тапсырылды. Бірақ, мешіт бітуге жақындаған кезде Әзірейіл періште келіп, Алланың берген аманат жанын сұрайды. Пайғамбар болса мешіттің бітпегенін айтып, алаңдайды. Оған қам жеме деген періште Алла бұйрығымен таяққа сүйеніп тұруы керектігін айтады. Пайғамбар таяққа сүйеніп тұрады. Періште жанын алып кетеді. Бірақ, мүрде құламай, сол асаға сүйенген күйі тұра береді. Жындар пайғамбар денесі таяққа сүйеніп тұрған соң жұмыстарын жалғастырып, перденің сыртынан (өзге қисса да Пайғамбар а.с. шыныдан жасаған бөлме ішінде тұрған) келіп есеп беріп жүреді. Бір күні жұмыс біткен соң жындар жиылып келеді де, ішіндегі басшысы пайғамбарға есеп бермек болады. Осы кезде Алла құртқа «Сүлеймен сүйеніп тұрған таяқты кеміріп, сынып кететін ет» деп әмір береді. Солай болады да, таяқ ортасынан опырылып, Сүлейменнің мүрдесі жерге құлап түседі. Мұны көрген жындар «Енді Сүлеймен жоқ» деп қуанып бет бетіне қашып кетеді. Сүлейменнің бұл өмірде жоғына сүйінші сұрасты деп те келеді. Анығын Алла біледі. Бірақ, бұл қиссада жындар Сүлейменнің дүниеден өткенін білді емес пе? Ендеше неге қазақ осы қиссаға сүйенбей, алдыңғы әфсанаға амал етуі мүмкін. Демек, бұл жындардан емес, қасқырлардан қорғану мақсатында жасалды ма екен? Ал, ендеше соған тоқталайық.

Аңшылар үйірлі қасқырды аулау үшін түрлі амалдар жасайды. Соның бірі қызыл шүберек тізбесі арқылы тұзаққа түсіру тәсілі. Ол үшін былай етеді. Қасқыр жүруі мүмкін аймақтарға ұзыннан жіп тартады да, сол жіпке қызыл шүберектерді жалбыратып байлап қояды. Үйірімен келе жатқан қасқырларға қызыл шүберек от секілді көрінеді де, жіпті аттап өтуден бас тартып жіптің бойын жағалап жүре береді. Сөйтіп, жіпті жағалап-жағалап аңшылар тұзақ, қақпан құрған бұғаз секілді жерге келіп, қолға түседі. Немесе ол жерде бес қаруын сайлап аңшы отыруы мүмкін. Қасқырдың көзі қызыл шүберекті от секілді көреді деген бұрынғы аңшылардың жорамалы еді, оны қазіргі ғылым жоққа шығарып, қасқырлардың дальтоник екенін дәлелдеді. Дегенмен бұрынғылар солай сенді.

Қасқырдың көзі қызыл шүберекті от секілді көреді, деп сенгендіктен, оттан қашады деген оймен ескіліктегі малшылар қора айналдыра қызыл шүберек іліп қоятыны туралы аңыз-әңгімелер көп. Кейін келе бұл үрдіске айналып, одан соң ырымға көшкен шығар. Бұны да сенімді айта алмаймыз. Себебі қазақ қызыл шүберекті қызылша ауруының белгісі ретінде байлағандығы жайлы да анық мәлімет бар.

Егер бір үйде балалар ұшпа қызылша ауруына ұшыраған болса, қызылша қызыл шүберекте аусын деген ниетпен сол үйдің маңдайшасына, тұтқасына қызыл шүберек іліп қоятын. Сырттан келе жатқан мейман қызыл шүберекті көргенде «Бұл үйде ауырып жатқан бала бар екен. Өзге үйге барайын» деп бұрылып кететін болған. Қазіргі тілмен айтқан бағдаршамның «тоқта» деген қызыл түсі, яғни «стоп» белгісінің ролін атқарған. Алайда, бұның қазіргі «көз тимесін» деп ырымдауымызға қатысы қанша?

Осы көз тиу және одан қорғануда бір ғана анық нәрсе бар. Көз тию жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Көз тию – ақиқат. Егер, тағдырмен жарысқа түсе алатын бір нәрсе бар болса, онда ол нәрсе көз тию болар еді (тағдырды өзгертер еді)», – деген.

Көз тиюден қорғану үшін әрдайым Алланы зікір етіп жүру керек. Әсіресе өзіне немесе жанұясына таңғалып жатса, «Алланың қалағаны» (мәшаллаһ), «Алладан басқа күш-қуат жоқ» (лә қуатә иллә билләһ) деп айтқаны дұрыс. Оған мына аят дәлел: «Бау-бақшаңа кірген кезде «Бұл – Алланың қалағаны! Алладан басқа күш-қуат жоқ!» деп неге айтпадың?» делінген.

Үй иесі бала-шағасымен бірге таңертеңгі және кешкі зікірлерді айтып, намаздан кейінгі дұғаларды оқып жүрсе, Алла Тағала оларды түрлі пәле-жаладан, көз-тілден сақтайды. Ізгі амал жасап, дұға етудің мынадай әдептері бар: – Үйге кіргенде, үйден шыққанда бисмилләны айту. Мүмкіндік болса, ұйықтау алдында дәрет алып, екі ракат намаз оқу. – Ұйықтауға жататын кезде «Уа, Раббым! Сенің есіміңмен жаттым. Егер ұйқыдан оянбай кетсем, онда мені рақым ет! Егер, аман-есен оянатын болсам, салиқалы құлдарыңды пәле-жаладан сақтағаныңдай, мені де сақта!» деген мазмұнда дұға оқу.

Ұйықтау алдында 33 рет «Субханаллаһ», 33 рет «Әлхамдулилла», 34 рет «Аллаһу акбар» деп айту, 3 рет истиғфар айту. – Ұйықтау алдында Фатиха сүресін, Бақараның алғашқы бес аятын, Аятул Курсиді үш қайта оқу. Алла Тағаланың міндетті түрде сақтайтынына сену дейді дін өкілдері.

Қалай болғанда да үйді қызыл шүберек қорғамайды, Алла қорғайды. Ал, қытай сенімі мен ғылымдардың қызыл шүберек көздегі жағымсыз ағымдарды өлтіріп жіберуге қауқарлы деуі нақтыланбаған екенін естен шығармаған жөн. Ал, қазақ «біреу біреуге күлсе, таңғалған соң түкіретін болса, онда оған көз өтпейді» дейді. Бәлкім, қызыл шүберекті көргенде адамдар күлсін дей ме екен?

Бағбандар қызармай тұрып алған қызанақтың ортасына қызыл шүберек іледі. Себебі қызанақ «Мен бірінші қызарамын» деп қызыл түстілермен жарысады мыс.

Сәкен Алдашбаев

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<