Фото: Ашық дереккөз
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Өзгент ауылының тұрғындары ішімдіктен мүлдем бас тартқан. Қазір елді-мекендегі дүкендер алкогольді сусынды мүлдем сатпайды. Тіпті той-томалақтар мен түрлі салтанатты шаралар ащы сусыз өтеді. Есесіне халықтың берекесі артып, қылмыс саны айтарлықтай азайған. Ауыл тұрғындары мұндай шешімге неге келген, халық тіршілігі бастамадан соң қалай өзгерген? Stan.kz-тің өңірдегі тілшісі елді мекенге барып, тұрғындардан сұрап көрген еді.
Өзгент жылдан-жылға дамып, халқының әлеуеті жақсарып келе жатқан ауыл. Жаңақорған ауданына қарасты елді-мекенде 2000-нан астам адам тұрады. Жергілікті халық мал шаруашылығымен күн көріп отыр. Мұндағы жастардың басым көпшілігі шабандоздар. Ат спортының дамуына ерекше көңіл бөлінеді. 2017 жылдан бері ауылда ішімдік сатылу түбегейлі тоқтатылған. Игі бастаманы ауыл ақсақалдары қолға алған екен.
Өзгентте арақтың сатылуына тыйым салу бастамасын ауыл ақсақалдары көтерген екен. Солардың бірі – ауыл тұрғыны Сүлеймен Жақұдаев. Ақсақал осы ауылда туылып, осы ауылда түлеген. Ішімдіктің кесірінен талай шаңырақтың шайқалғанын көзімен көргенін айтады. Сол себепті ел ағаларын жинап, игі ұсынысты алғаш ұсынғандардың бірі екен.
«Ішімдік – кез келген отбасының шырқын бұзып, берекесін кетіретін дүние. Ащы суға сылқия тойған адам өзі қылмыс жасауға да ұмтылып тұрады емес пе? Осыдан 5-6 жыл бұрын Өзгентте арақ сатпау шарасын қолға алдық. Біздің көтерген бастамамызды жерлестеріміз де қолдай кетті. Қазір ауылымызда бірнеше дүкен бар, бірақ ешқайсысынан арақ таппайсыз. Үйінен тығып сататындар да жоқ. Барлығы ауылымыздың ынтымағы үшін», – дейді Сүлеймен Жақұдаев.
Қазір ауылда бірнеше дүкен бар. Солардың біріне бас сұғып, сатушыны әңгімеге тартқан болатынбыз. Жасы 30-дан енді асқан келіншек ішімдіктің мүлдем сатылмайтынын растады. Соның арқасында түн ішінде терезе қағып, ащы су сұрайтындар жоқ екен. Сөреде ішімдік болмаса да, дүкеннің саудасы жүріп тұр. Кәсіпкер бұл бастаманың кәсібіне зияны тимегенін айтады.
«Расымен, жанұядағы жанжал да ұрыс-керіс те осы ішімдіктен ғой. Бұрын қарызға алып кететіндер де бар еді. Талай шаңырақтың берекесі қашқанын көрдік. Содан ауыл ақсақалдары арақтан түбегейлі бас тартуды ұсынды. Әрине, бастапқы кезде қалай болады екен деп те ойладық. Жасырын сататындар да болуы мүмкін деген ойдың болғаны рас. Бірақ қазір жағдайымыз жақсы. Балаларымыз үшін, өзіміз үшін алаңдамайтын болдық», – дейді Айгерім есімді дүкен иесі.
Ауылда бір аптаның ішінде бірнеше той болады. Бір отбасы келін түсірсе, енді бірі мерейлі жасын атап өтіп жатады. Алайда дастархан басына ішімдік шөлмегі мүлдем қойылмайды. Отбасылық жиындар ерте басталып, ерте аяқталады.
«Қазір облысымыз бойынша арақтан бас тартқан бірнеше ауыл бар. Соның бірі – Өзгент. Ішімдік сатылмағалы елді-мекенде ажырасу да мал ұрлығы да азайды. Тұрғындардың ауызбіршілігі артты. Дүкен иелерімен ұдайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Барлығы бұл бастаманы қолдап келе жатқанына алты жылға жуық уақыт болды. Бүгінде Өзгентте мал ұрлығы, ұсақ құқықбұзушылық фактілері азайған. Мұның барлығы алкогольдік сусындардан бас тартқанның нәтижесі», – дейді ауыл әкімі Жанұзақ Мырзабаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<