Үйлесімді жұмыс ілгері басады

1057

0

Фото: Арал ауданы әкімдігі

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбевтың төрағалығымен мәжілістің кеңейтілген отырысы өтті. Аудан басшысы алдымен облыс әкімінің жиналысында көтерілген мәселе – автожол саласын дамыту жұмыстарына тоқталды.

Биылғы жылы жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен барлығы 3,9 млрд. теңге бөлінген болса бүгінгі күнге дейін сол қаржының 43,5 пайызы игерілген. Ал жылдың соңына дейін қалған қаржыны толығымен игеру межесі тұр. Осы мәселені сын садағына алған аудан басшысы жауапты сала мамандарын мәселеге сергек қарауға шақырды.

Сондай-ақ ауданаралық жолдарды жөндеу жұмыстарының барысы туралы тиісті сала басшыларының жауабын тыңдады. Жол мәселесіне қатысты индикаторлық көрсеткіштер көңіл көншітпейтінін айтқан аудан әкімі бұл мәселеде салыстырмалы көрсеткіш белгіленген межеге сай болуы керектігін тапсырды. Сонымен қатар осы мәселеге жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Келесі мәселе аудан аумағында орын алып жатқан жол көлік оқиғалары. Ағымдағы жылдың 6 айындағы көрсеткіш 8,3 пайызға төмендегенмен жарты жылдықта 5 адам қаза тауып, 16 адам түрлі дене жарақатын алған. Демек мәселеге әлі де сергек қарау керек. Жыл басынан бері жол ережесін бұзғаны үшін 18 мопед жүргізушісіне әкімшілік шара қолданылса, қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 4 скутер жүргізуші жасөспірім тиісті жауапкершілікке тартылған. Аудан әкімі осы көрсеткіштерден туындайтын мәселені ұдайы назарда ұстап, жол қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігіне баса мән берді. Сондай-ақ жауапты сала мамандарына тапсырма жүктеп, Арал қаласынан мопед, скутерлердің жүруіне арналған арнайы жолақтарды салу бойынша арнайы ұсыныс әзірлеуді тапсырды.

Мәжіліс барысында аудан әкімі жылу беру маусына дайындық барысын пысықтап, қыстың қамын жаз ойлау керектігін ауыл әкімдері мен жауапты сала мамандарына тапсырды. Әсіресе ауданда қатты отын қорының жеткілікті мөлшерде болуын назарға алып, осы мәселеде операторлармен келссөздерді осы кезден бастап жүргізу керектігін жеткізді. Жауапты кезеңде ешқандай мәселе туындамауы керектігін ескерткен аудан басшысы осы бастан жылу беру маусымына дайындықты қатаң бақылауда ұстайтындығын айтты.

2024 жылы ауданда жаңадан 2 999 жұмыс орнын ашу жоспарланса, 6 айдың қорытындысымен 1 652 жұмыс орны ашылып, жоспар 55,1 пайызға орындалған. Оның ішінде, тұрақты жұмыстың ашылуы 39 пайызды құрайды. Демек жарты жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш әлі де көңіл көншітпейді. Осы мәселені назарға алған аудан әкмі ауыл әкімдеріне жұмысты жандандыру керектігін, сонымен қатар көрсеткіштер мен қолға алынған жұмыстар уақытылы дерекқорға енгізіліп отыру керектігін айтып өтті.

Кезекті мәселе «Адал адам» тұжырымдамасының орындалу барысы. Осы жылы облыс әкімінің бастамасымен «Адал адам» рухани-мәдени орталығының тұжырымдамасы қабылданып, 7 бағыт бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. 6 айдың қорытындысымен тұжырымдама аясында ірілі-ұсақты 599 шара өткізілген. Бұл бағытта әлі де жұмыс істеу керектігін айтқан аудан әкімі мамандардың уәжін тыңдап, жыл соңына дейін мәселені толық шешуді тапсырды. Сондай-ақ нәтиже қатаң сұралатынын айтып, қала, кент, ауылдық округтердегі «Адал адам» орталықтарының жұмысына қатысты бақылау ұдайы назарда болатындығын жеткізді.

Аудан әкімі А.Оңғарбев мәжілісті қорытындылай келе «Таза Қазақстан» ауқымды акциясы аясында өтінім беру сервисі іске қосылғандығын жеткізді. Платформаға еліміздің әрбір тұрғыны қала мен елді мекендердің экологиялық проблемаларын, жинақталған тұрмыстық қатты қалдықтарды суретке түсіріп, өз өтініштерін жолдайды. Алдағы уақытта өтініштерге шұғыл түрде кері байланыс орнатылуы керектігін жауапты бөлімге жүктеді.

Арал ауданы әкімдігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<